Әзербайжан соңғы жылдары қауіпсіздік саласында айтарлықтай қам жасап, өз шекарасын жан-жақты қорғайтын көпқабатты ракеталық қалқан орнатуға кіріскен-ді. Бұрын тек «шекараны күзету» деген қарапайым ұғым болса, қазір ол заманауи технологиялардың, жасанды интеллектпен жабдықталған ұшқышсыз аппараттардың және ғарыштық спутниктердің басын қосқан күрделі жүйеге айналып отыр.
Әзербайжан шекарасын енді тек құрлықтағы немесе теңіздегі әскерилер ғана емес, күні-түні кезекшілікте тұратын «Barak 8» пен «Arrow 3» секілді ең озық әуе шабуылына қарсы кешендер, жүздеген дрондар мен жоғары дәлдікті бақылау жүйелері күзетуде. Бұл жүйе тек көршілеріне ғана емес, бүкіл өңірге «шекарамызға жақындауға болмайды» деген хабар беріп тұр.
Әсіресе Израильде жасалған «Arrow 3» кешенінің маңызы бөлек. Ол тек баллистикалық зымырандарды қағып қана қоймай, қажет болған жағдайда қарсылас спутниктерін де істен шығаратын мүмкіндікке ие. Тек қорғаныс құралы емес, ғарыштағы тепе-теңдікті де сақтауға арналған алпат қару.
Ал «Barak 8» болса, ауада қандай жағдай болмасын, ұшақтан бастап тікұшаққа, қанатты зымыран мен дронға дейінгі нысандарды жоюға қабілетті. Бір сөзбен айтқанда, Әзербайжан аспанында енді ешқандай құрылғы еркін ұша алмайды.
Бұған қоса, Әзербайжан Қарулы күштерінде қазірдің өзінде жаңа буындағы JF-17 Thunder Block III истребительдері бар. Ал шекараны қорғау үшін арнайы «Әуе операцияларының арнайы күштері» құрылып, оларға жасанды интеллекті бар дрондар берілген.
Бұл дрондар бір рет көтерілгенде 24 сағат бойы қайта жанармай құймай аспанда қалықтап, кез келген қозғалысты бақылайтын мүмкіндікке ие. Әзербайжанның ғарыштық жер серіктері – «Azerspace-1», «Azerspace-2» және «Azersky» – осы дрондарға навигация беріп, онлайн режимде нысана көрсету мүмкіндігін ұсынады.
Түркиядан әкелінген Bayraktar TB2 мен Akıncı, Израильдің Hermes, Harop, Orbiter секілді аппараттары, сонымен қатар жергілікті «Zarba 5» пен «Iti Govan» сияқты дрондар біріккенде, шекарадан заңсыз өту түгілі, шекараға жақындаудың өзі қиынға соғады десек артық айтқандық болмас еді.
Саяси тұрғыдан бұл қадамның астарында да үлкен мән жатыр. Бүгінде Әзербайжан шекара күзетін жан-жақты дамытып, аймақтың қауіпсіздіктің ережесін қайта жазуға атсалысып жатыр.