Солтүстік Қазақстандағы «Жасыл Солтүстік» жылыжай кешенінің ұжымымен кездесуде премьер-министрдің орынбасары, Ақпарат министрі Аида Балаева еңбек ұжымдарына арналған конституциялық кепілдіктерді егжей-тегжейлі түсіндірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жиынға Парламент өкілдері, қоғам қайраткерлері, жастар ұйымдарының белсенділері, мәдениет саласының мамандары және кәсіпорын басшылығы қатысты.
Аида Балаева Конституция жобасында қарапайым еңбек адамының мүддесі айқын көрініс тапқанын ерекше атады. Оның сөзінше, негізгі заң жобасында қызметкерлердің еңбек ету құқығы мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін жұмыс жағдайларының нақты нормалары жазылған.
Сондай-ақ қызметкердің еңбегіне төленетін ақы еш кемсітусіз, әділ болуы тиіс екені нақты белгіленген.
«Еңбек адамын құрметтеу жай ұран емес, Конституциямен бекітілген қағидаға айналмақ. Әсіресе ауыл шаруашылығы мен жылыжай саласында жұмыс істейтіндер үшін ерекше маңызды тағы бір тұсы бар. Конституция жобасында экологиялық мәдениет, табиғатқа жанашырлықпен қарау және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселелері нақты жазылған. Даму тұрақты әрі жауапты түрде жүруі қажет», – деп атап өтті Аида Балаева.
Байтұқ не дейді?
Ал Солтүстік Қазақстан университеті директорлар кеңесінің төрағасы Ғалым Байтұқ жаңа Конституцияның әлеуметтік сипатына назар аударды.
Айтуынша, Конституцияда елдің әлеуметтік мемлекет мәртебесі сақталып, отбасы, ана мен бала, көпбалалы аналар мен көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету міндеттемесі нақты бекітілген.
«Қазақстанның әлеуметтік мемлекет мәртебесі жаңартылған Конституцияда айқын жазылған. Мемлекет отбасыларды, балаларды, аналарды, көпбалалы азаматтар мен көмекке зәру адамдарды қолдауды жалғастырады. Әлеуметтік саясат әрқашан мемлекеттің маңызды міндеті болып қала бермек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеде мемлекет жауапкершілігін үнемі ерекше атап көрсетіп келеді», – деді Ғалым Байтұқ.
Кездесуді қорытындылаған қатысушылар әрбір азаматтың Конституция жобасымен жеке танысып, 15 наурызда өтетін республикалық референдумда өз таңдауын жасауға шақырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

