Қазақстанда психолог мамандардың қызметіне бақылау мүлде жоқ, ал көшеде самса мен шаурма сататындарға талап он есе қатаң. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қоғамдағы осы парадоксты сынға алып, психологтар қызметін реттейтін заңды шұғыл қабылдауды талап етті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, Instagram мен TikTok желілеріндегі өзін-өзі жариялаған «сарапшылардың» кеңесі қоғамға үлкен зиян тигізіп отыр.
«Әрбір екінші адам эксперт, әрбір бірінші адам психолог болып кеткен. Осындай псевдомамандардың ақыл-кеңесімен ажырасып жатқандар бар, тағдырын талқандап жатқандар бар. Бұл кеңестер көбіне қайғы-қасіретке әкеледі», – деді депутат.
Аймағамбетов психолог қызметін реттеудің негізгі бағыттарын атады
Біріншіден, психолог деген кім, оның нақты біліктілігі қандай, осыны анықтау қажет. Екіншіден, берілген кеңестің нәтижесіне қатысты заң жүзінде жауапкершілік жүктелуі керек. Үшіншіден, психолог пен психиатрдың ара-жігін нақты ажырату қажет.
«Психиатр медицина маманы, ол дәрімен емдейді. Ал психолог адамның жан дүниесімен жұмыс істейді. Оларды шатастыруға мүлде болмайды», – деп атап өтті депутат.
Депутат қоғамда «психологтың құпиясы» деген түсініктің жоқтығына да алаңдаулы. «Адамдар ең құпия сезімдерін психологқа сеніп тапсырады. Ал сол құпияның жарияланып кетпеуіне ешқандай заңдық кепілдік жоқ. Осыған дейін психолог құпиясына қатысты нақты норма бекітілмеген», – деді ол.
Аймағамбетов осы саланы заңнамалық реттеу арқылы адамдарды жалған мамандардан қорғап, сапалы әрі қауіпсіз қызметті қамтамасыз етуге шақырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







