Қазақстан әуе тасымалындағы шекараны кеңейтпек. Енді Азия, Еуропа және Таяу Шығыс елдеріне жаңа әуе бағыттары іске қосылады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шымкент әуежайы биылғы көктемнен бастап халықаралық рейстердің жаңа хабына айналмақ. SCAT әуе компаниясы 29 наурызда Бішкек бағытын ашады. Ал 19 мамырдан Новосибирскке, 1 маусымнан Санкт-Петербургке және 9 маусымнан Тель-Авивке тікелей рейстер басталады.
Air Astana компаниясы да халықаралық ұшу бағытын елеулі түрде кеңейтіп отыр. Алматыдан Шанхайға рейс 29 наурызда іске қосылса, Астанадан Гуанчжоуға ұшу 2 маусымда басталады. Жазғы кезеңде Алматы мен Астанадан Кипрдегі Ларнакаға тұрақты рейстер орындалмақ.
Сондай-ақ, көктем мен жаз маусымында Алматыдан Түркияның Даламан қаласына бағыт ашылады. Бұған қоса, 9 наурыздан бастап Алматы мен Астанадан Иорданияның Салалу қаласына тікелей қатынауға болады.
Air Astana келер жылы Алматы-Токио рейсін іске қосу мәселесін қарастыруда.
FlyArystan да халықаралық бағыттағы ұшу географиясын кеңейтеді
17 наурыздан бастап Алматы мен Өзбекстанның тарихи шаһары Самарқанд арасында жаңа рейс ашылмақ. Маусым айында барлық рәсімдер келісілсе, Алматы-Сиань және Ақтау-Үрімші бағыттары іске қосылады. Сонымен қатар, Алматы мен Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд арасын жалғайтын рейс ашу жоспары пысықталуда.
Шетелдік әуе компаниялары да Қазақстанға қызығушылық танытып отыр. 31 мамырдан Алматы-Варшава рейсі іске қосылады. Бұған қоса, Алматы-Даммам мен Алматы-Амман бағыттарының ашылуы зерделенуде.
Жаңа әуе маршруттарының ашылуы туризмнің жандануына, елдің экономикалық байланыстарын нығайтуға және халықаралық әріптестікті дамытуға серпін береді деп күтілуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







