Иран билігі елдің әуе кеңістігін азаматтық ұшақтар үшін уақытша жапты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Flightradar24 сервисі желідегі парақшасында жазды. Хабарламада халықаралық бағыттағы, арнайы рұқсат алған рейстерден басқа барлық ұшақтардың Иран аумағы арқылы ұшуына тыйым салынғаны айтылған.
14 қаңтарда Reuters агенттігіне сұхбат берген Брүссел өкілі алдағы бір тәулік ішінде АҚШ Иранға қарсы әскери соққы жасауы мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Бұған Иранда желтоқсаннан бері жалғасып жатқан наразылықты күшпен басу әрекеттері себеп болған.
АҚШ президенті Доналд Трамп бұған дейін наразылыққа шыққандарды басу үшін күш қолданылса, Уашиңтон Иранға қарсы шара қабылдайтынын ескерткен еді.
Ирандағы интернет пен байланыс желісінің шектелуіне байланысты қақтығыстан нақты қанша адамның қаза тапқаны әзірге белгісіз. Дегенмен кеше кешкісін Доналд Трамп «сенімді ақпарат көздеріне» сүйеніп, наразылыққа шыққандарға қарсы жазалау мен адам шығыны тоқтағанын, сондықтан әзірге әскери қимыл жоспары жоқ екенін айтты.
Осы оқиғаға байланысты Air Astana әуе компаниясы бірнеше тұрақты және чартерлік рейстердің бағытын өзгертті. «Иран әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Шарм-әл-Шейх, Дубай, Доха және Мәдинаға ұшатын рейстер осы аумақты айналып өтеді. Air Astana жағдайды жіті бақылауда», – делінген компания хабарламасында.
Әуе компаниясы жолаушылардан рейс мәртебесін алдын ала тексеруді сұрап отыр, өйткені ұшақтардың келу және ұшу уақыты өзгеруі мүмкін. Айта кетелік, Иран көшесіндегі халық соңғы бірнеше апта бойын «шал, кет» деп ұрандауда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

