Бүгін таңғы 07:38-де Астана уақытымен Алматыдан Астанаға ұшып шыққан КС-851 тұрақты жолаушылар рейсінде күтпеген жағдай тіркелді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Air Astana әуекомпаниясы пайдаланып отырған Airbus A321neo (борт нөмірі EI-KDG) ұшағында салон ішінде түтін байқалған. Экипаж қауіпсіздік үшін дереу MAYDAY дабылын жариялап, қонуға шешім қабылдаған.
«Салонда түтін байқалды, сабыр сақтаңыздар», – деген мазмұнда ескерту айтылғаны көрсетіледі. Алдын ала мәлімет бойынша жолаушылар мен экипаж мүшелері арасында зардап шеккен адам жоқ. Ұшақ 07:40-та Алматы әуежайына сәтті қонды.
Қону сәтінде әуежайдың өртке қарсы және авариялық-құтқару қызметі толық іске қосылды. Мұндайда тәртіп бір, алдымен адамдардың қауіпсіздігі, кейін техниканың жай-күйі. Жердегі мамандар бортты тексеріп, түтіннің қайдан шыққанын анықтауға кіріскен.
Оқиға бойынша көлік саласындағы оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері тексеру жұмыстарын бастап кетті. Олар ұшу барысындағы жазбаларды, экипаждың әрекетін және техникалық құжаттарды қарап, нақты себепті анықтайды.
Жолаушылар үшін ең маңыздысы, рейс шұғыл қонғанымен, адамдар аман. Қалған сұрақтың жауабын ресми тексеріс береді.

