Air Astana әуе компаниясының 2025 жылғы таза пайдасы бірден 72,5 пайызға қысқарды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Компанияның Қазақстан қор биржасындағы есебіне қарағанда, өткен жылдың таза пайдасы 13,6 млн долларды құраған. Бір жыл бұрын осы көрсеткіш әлдеқайда жоғары болатын. Компанияның акциялары жарияланған сәтте 5 пайыздан астам арзандап барып, қайта қалпына келе бастады.
Air Astana есебіне сүйенсек, былтырғы күрделі жағдайға америкалық Pratt&Whitney компаниясы шығарған қозғалтқыштардың жиі істен шығуы себеп болған.
Бір жыл ішінде қозғалтқыштар 22 рет жоспарсыз ауыстырылып, салдарынан маусым қызған шақта 13 ұшақтың ұшуы тоқтап қалған. Мұның кесірі әуе компаниясының қаржылық қорына айтарлықтай соққы жасаған.
Соған қарамастан, Air Astana мен FlyArystan кіретін жалпы топтың кірісі 11,4 пайызға өсіп, 1,45 млрд доллардан асқан. EBITDAR көрсеткіші де сәл артып, 321,2 млн доллар деңгейіне жеткен.
2026 жылы…
Компания негізгі қаржылық нәтижелерін жақсартуды жоспарлап отыр. Ол үшін рейстердің бағытын оңтайландырып, ұшақ сыйымдылығын тиімді пайдалануға көшеді. Air Astana басшылығы осы қадам арқылы инфляция салдарынан өскен шығындарды азайтып, табыстылықты арттыруға үміттенеді. Ұшақтардың орташа жүктемесі 80 пайыз деңгейінде сақталады.
Қазіргі таңда Air Astana мен FlyArystan-ның паркіндегі ұшақ саны 62. 2030 жылдың соңына дейін олардың саны 86-ға жетпек. Компания жақында Airbus концернімен 25 жаңа ұшақ сатып алуға және тағы сонша ұшақты алуға опциондық келісім жасаған.
Boeing неге кешігіп жатыр?
Ал Boeing концерні Нью-Йоркке тікелей рейстер ашуға қажет үш Boeing 787 Dreamliner ұшағын уақытында жеткізе алмай отыр. Әуе компаниясы осы ұшақтарды биылғы жылдың үшінші тоқсанында алуды жоспарлайды.
Өткен жылы Air Astana мен FlyArystan жалпы 25 жаңа бағыт ашты. Қытай, Үндістан, Парсы шығанағы мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне рейстерді көбейткен. Бірақ Таяу Шығыстағы шиеленіс салдарынан сол бағыттардағы ұшақтар Оңтүстік-Шығыс Азияға ауыстырылды.
Жылдық есеп жарияланған соң, KASE биржасындағы Air Astana акциялары бір күнде 5,8 пайызға арзандап, кейін сәл қалпына келді. Соңғы сауда-саттықта бір акцияның бағасы 788,99 теңгені құрап, тәуліктік жоғалту 3,93 пайызды көрсетті.
Қазіргі уақытта Air Astana-ның 41 пайызы «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі, 37,5 пайызын Citibank депозитарлық қолхаттар бойынша номиналды түрде ұстап отырса, британдық қорғаныс холдингі BAE Systems 16,95 пайыз акцияға иелік етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







