Биылғы Рамазан айындағы пітір-садақаның мөлшері 735 теңге болып бекітілді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) ел аумағындағы орташа екі келі ұнның бағасын негізге ала отырып, осындай шешім қабылдаған.
Ұн бағасы әр облыс пен қаладағы діни басқарманың өкілдіктері ұсынған мәліметтер бойынша анықталған. Діни басқарма қазіргі таңда пітір-садақаны бидай түрінде емес, одан алынатын ұн мен талқан тәрізді өнімдер арқылы төлеу кең тарағанын айтады. Сондықтан садақаның мөлшерін анықтағанда ұн бағасы есепке алынған.
«Шариғат бойынша пітірді бидаймен де, оның өңделген өнімдерімен де өтеуге рұқсат етіледі», – делінген басқарманың мәлімдемесінде.
ҚМДБ пітір-садақаны Ораза айттың бірінші күні таңертең айт намазына дейін беру міндетті екенін ескертеді. Алайда қандай да бір себеппен уақытында бере алмаған адамға айт намазынан кейін де өтеуіне болады.
Дегенмен садақаны айт намазына дейін беру ең абзал амал.
Биыл мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы 19 ақпанда басталып, 19 наурызда аяқталады. Ал Ораза айт 20 наурыз күні аталып өтеді. Қадір түні наурыздың 16-сынан 17-сіне қараған түнге сәйкес келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

