Президент әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай жаңа Конституцияны іске асыруды қатаң бақылауға алып, нақты тапсырмалар мен мерзімдерді бекітті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дәдебайдың 26 наурыз күні қол қойған бұйрығына сәйкес, мемлекеттік органдар Конституцияны іске асыруға байланысты тапсырмаларды уақытылы әрі бұлжытпай орындауы тиіс. Бұйрықтың орындалуын бақылау Президент әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөліміне жүктелген.
Құжатта көрсетілгендей, Мәдениет және ақпарат министрлігі 18 наурызға дейін республикалық «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде 2026 жылдың 15 наурызында жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституция мәтінін жариялауы керек болған.
Ал Әділет министрлігіне наурыз айының соңына дейін Конституция мәтінін Референдумның орталық комиссиясы арқылы Заңнама және құқықтық ақпарат институтына тапсырып, нормативтік-құқықтық актілердің Эталондық бақылау банкіне орналастыру міндеттелген.
Бұдан бөлек…
Президент әкімшілігі мүдделі органдармен бірлесіп, 30 сәуірге дейін Мемлекет басшысының қарауына екі конституциялық заң жобасын әзірлеп енгізуі тиіс:
- «Қазақстан Республикасының Президенті туралы»;
- «Қазақстан Халық Кеңесі туралы».
Осы мерзім ішінде Үкімет Мәжілістің қарауына тағы екі маңызды конституциялық заң жобасын ұсынуы қажет:
- «Қазақстан Республикасының астанасының мәртебесі туралы»;
- «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы».
Сондай-ақ, Үкіметке, орталық және жергілікті атқарушы органдарға 1 шілдеге дейін барлық нормативтік-құқықтық актілерді Конституция нормаларына сәйкес келтіру тапсырылды.
Алдағы апта ішінде, яғни 7 сәуірге дейін Үкімет Конституцияны насихаттау және халыққа кеңінен таныстыру жөніндегі арнайы жоспарды бекітуге міндеттелді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







