Қазақстан мен Қытай арасында қазақстандық шошқа етін Қытай нарығына жеткізуге жол ашылды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Шанхайда Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытайдың бас кеден басқармасы тиісті хаттамаға қол қойды. Құжатта өнімнің қауіпсіздігіне, карантин мен тексеру талаптарына қатысты барлық шарттар көрсетілген.
Бұған дейін Қазақстаннан Қытайға шошқа еті мүлде экспортталмаған, ешбір кәсіпорын мұндай құқыққа ие болмаған.
Енді жаңа хаттама аясында тек мұздатылған және салқындатылған ет ғана емес, сонымен қатар қосалқы өнімдер (малдың ішек-қарны, бас-сирағы, өкпе-бүйрегі) мен термиялық өңдеуден өткен ет түрін де жеткізуге мүмкіндік бар.
Министр Айдарбек Сапаровтың айтуынша, келісім екі ел арасындағы сауда байланысын кеңейтіп, шошқа шаруашылығы мен ет өңдеу саласының дамуына серпін береді. Экспорт көлемінің ұлғаюы өңірлік кәсіпорындардың жүктемесін арттырып, ауылдық жердің экономикасын жандандырады.
Хаттама Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қатынасты нығайтудағы келесі маңызды қадам саналады.
Тараптар өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын халықаралық стандарттарды сақтауға, санитарлық және карантиндік бақылауды күшейтуге уағдаласты.
Қытай тарапының қазақстандық шошқа етіне қызығушылығы былтыр басталған.
2024 жылы қытайлық кәсіпкерлер 20 мың тонна ет сатып алуға дайын екенін мәлімдеген еді. Сондай-ақ өткен жылы Қытай Қазақстаннан құс өнімін әкелуге де ресми түрде рұқсат берген болатын.