Астанада жаңа Конституция жобасына арналған партияаралық диалог өтті. Талқылау Qazaqstan телеарнасының әлеуметтік желілерінде және «Хабар» телеарнасының YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Айдос Сарым Конституция жобасындағы 3-баптың маңызын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, бұл бап мемлекет саясатының негізгі бағдарын айқындайтын қағидаларды алғаш рет конституциялық деңгейде бекітеді.
«Жаңа Конституцияның 3-бабы – жай ғана декларация емес, барлық мемлекеттік органдардың заңдары мен шешімдері бағынатын құқықтық бағдар. Бұл бапта егемендікті қорғау, ұлттық бірлікті нығайту, қоғамдық диалогты дамыту, адам құқықтарын, білім мен ғылымды басым бағыт ету сияқты іргелі принциптер бекітілген», – деді депутат.
Жалпы, Конституция жобасы Қазақстанның тарихи сабақтастығын сақтай отырып, ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайды. Құжатта адамның құқықтары мен қоғамдық келісімді қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру, білім мен инновацияға негізделген даму басымдық ретінде көрсетілген.
Спикерлер талқылау барысында жаңа Конституциядағы ұлттық бірлік пен егемендікті конституциялық тұрғыдан бекіту, парламент бақылауын күшейту, әлеуметтік кепілдіктер, меншік құқығын қорғау, мемлекеттің экологиялық жауапкершілігі, азаматтардың цифрлық құқықтары және маңызды шешімдерді бүкілхалықтық референдум арқылы қабылдау мәселелеріне де тоқталды.
Айта кетейік, жаңа Конституция бойынша референдум 15 наурыз күні өтеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







