Киевте қастандықтың құрбаны болған қазақстандық Айдос Садықов қайтыс болды. Осыған байланысты Украина Бас прокуратурасы күдіктілерге тағылған айыпты ауырлатып, істі «тапсырыспен және топтасып адам өлтіру» бабына ауыстырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Айдос Садықов 2 шілдеге қараған түні Киев ауруханасында көз жұмды. Қазіргі таңда қылмыстық істі Украина ұлттық полициясының Бас басқармасы жүргізуде. Аталған бап бойынша күдіктілер 15 жылдан бастап өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айдос Садықов Украинада ресми түрде босқын мәртебесін алған. Ал 2023 жылдың қазан айында Қазақстанда оған «әлеуметтік, ұлттық, рулық, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырды» деген айыппен іздеу жарияланған еді.
Бұған дейін журналист әрі депутат Ермұрат Бапи бұл оқиғаға қатысты Қазақстанның міндетті түрде реакция білдіруі керегін атап өткен болатын.
«Айдос Садықовтың кәсіби және саяси ұстанымы қандай екені қазір маңызды емес. Ең бастысы – ол Қазақстанның азаматы. Қай жерде жүріп, саяси баспана алса да, бұл – екінші мәселе. Сондықтан еліміздің билігі, құзыретті органдары Украина тарапымен байланысып, істің ақ-қарасын анықтауға араласуы тиіс. Бұл – халықаралық резонанс тудырған оқиға. Бір елдің азаматы, оның үстіне журналист, оппозициялық медиаресурстың жетекшісі басқа мемлекетте өлтірілсе, Қазақстан үнсіз қала алмайды. Қазақстан билігі өзінің бұған қатысы жоғын дәлелдеуге міндетті. Олай етпесе, күдік туады. Сондықтан бұл іске араласу өте маңызды», – деп пікір білдірді депутат.
Тоқаевтың ұстанымы қандай?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Садықовтың өліміне байланысты Қазақстан тарапы тергеуге қатысуға дайын екенін жеткізді.
«Қазір біз үшін басты міндет заң үстемдігін қамтамасыз ету. Мемлекетімізде заң мен тәртіптен жоғары ештеңе жоқ. Қоғамдағы қайшылықтар мен түсініспеушіліктер тек құқықтық негізде, заң аясында және халықаралық нормалар шеңберінде шешілуі тиіс.
Кеше Киевте Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қарсы жасалған қылмысқа да осы ұстаным тұрғысынан қарауымыз керек. Мен дипломатиялық және құқық қорғау органдары арқылы тиісті ресми сұраулар жіберу жөнінде нақты тапсырма бердім.
Қажет болған жағдайда, біздің ресми органдарымыз тергеу амалдарына қатысып, істің мән-жайын ашуға жәрдемдесуге дайын», – деді Президент.

