Қазақстандық оқушылар 6 млн теңгеге дейін біржолғы төлем алуы мүмкін. Бұл туралы заң жобасын әзірлеушілердің бірі, депутат Асхат Аймағамбетов Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында мәлімдеді, – деп хабарлайды ErtenMedia.
Оқушыларға арналған біржолғы төлем
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды балаларды қолдау қажет екенін атап өткен болатын. Осыған байланысты Мәжіліс депутаттары халықаралық ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздарына біржолғы төлем енгізуді ұсынды.
Бұл төлемнің ең жоғарғы мөлшері шамамен 6 миллион теңге болады. Сонымен қатар, оқушыларды дайындаған мұғалімдерді де ынталандыру қарастырылып отыр.
«Спортшылар олимпиадада жеңіске жетсе, оларға 250 мың доллар көлемінде сыйақы беріледі. Ғылым саласындағы халықаралық байқаулар мен пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары да Қазақстан үшін маңызды. Сондықтан бұл заң бұрын қабылданған нормалардың жалғасы болып саналады. Былтыр біз халықаралық ғылыми байқауларда жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларды ҰБТ тапсырмай-ақ грантқа қабылдау және «Болашақ» бағдарламасына үміткер болу мүмкіндігін енгіздік. Ал бүгінгі ұсыныс – осы бастаманың соңғы қадамы», – деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ, кейбір түлектер грантты өтеуден босатылуы мүмкін. Қазіргі заңнамаға сәйкес мемлекеттік грант арқылы оқыған түлектер белгілі бір мерзім ішінде грантты өтеуге міндетті. Алайда жаңа заң жобасында кейбір санаттағы азаматтарды бұл міндеттен босату ұсынылып отыр.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, ата-ана атанған немесе мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған түлектер грантты өтеуден босатылады. Бұл ұсынысты Ғылым және жоғары білім министрлігі де қолдаған.