Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өзіне дейінгі басшының енгізген шешімдерін өзгертіп, білім саласын қайтадан таз қалпына түсірді.
Бұл туралы белгілі педагог, білім сарапшысы Аятжан Ахметжанұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Айтуынша, Бейсембаев министрлікке келгелі білім саласындағы жүйесіздік қайта күшейе бастаған.
«Аймағамбетовтің министр кезінде оқушыларды бір мектептен екіншісіне тоқсан арасындағы демалыс күндерінен басқа уақытта ауыстыруға тыйым салған болатын.
Биыл Оқу-ағарту министрлігі осы шектеуді алып тастады. Неге? Өйткені кейбір жекеменшік мектептер әр айдың 15-іне мемлекетке оқушылардың тізімін өткізеді. Сол кезде қарапайым мектептен балаларды он күнге «жалдап әкеліп», тізімге қосып, қайтадан шығарып жібереді.
Мұндай құйтырқы әрекетті ата-аналар да білмей қалады. Бұрын осындай жемқорлықты тоқтататын едік. Қазір сол қайтадан қайталанатын болды», – дейді ол Kultobe арнасына берген сұхбатында.
Артық қылам деп, тыртық қылған министрлік
Сарапшының айтуынша, министрлік бірінші сыныпқа қабылдау мерзімін қайта созып, тағы бір мәселенің бетін ашып алған.
«Аймағамбетов бірінші сыныпқа қабылдау мерзімін 31 шілдеге дейін бекітіп кеткен еді. Ол не үшін керек? Құжаттар ертерек қабылданса, тамыз айында директор мектептің кабинетін, мұғалімдерді және оқулық санын алдын-ала жоспарлап қояды. Қазір осы мерзім қайтадан 31 тамызға дейін ұзартылды.
Енді мектеп басшылары соңғы сәтке дейін қанша бала келетінін білмей дал болады. Бірінші сынып оқушысы сабаққа келгенде оқулық жетпей қалуы мүмкін. Ал егер артық оқулық алынса, мемлекет бюджетті дұрыс пайдаланбадың деп тағы қысады.
Осыны біреу түсініп отыр ма? Бұл министрлік деңгейінде шешілетін мәселе. Оны тек мектеп басшылығы ғана жақсы біледі», – дейді Аятжан Ахметжанов.
Саладағы дағдарыстың түпкі себебі
Сарапшының пікірінше, Бейсембаевтың келуімен министрліктегі кейбір бағыттар тоқырауға ұшыраған.
«Министр дұрыс жолға қойылған жүйені қайта бұзып жатса, оны қалай бағалауға болады? Мысалы, мұғалімдердің қауымдастығы бір жарым жыл бойы жұмысы тұралаған күйде тұрды. Сарапшы болғысы келген мамандардың бәріне министрлік «әлі дайын емеспіз» деген сылтаумен жол бермей келеді. Жүйе былығып жатыр. Министр қайда қарап отыр? Аймағамбетовті мақтасам кейбіреу ренжуі мүмкін. Пиар үшін істеді дейтін шығар. Пиар бола берсін, бастысы іс дұрыс болсын», – деді ол.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







