Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді экс-министр Қуандық Бишімбаевтан 1,5 млрд теңге моральдық шығын талап етіп отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қарындасының өлімінен кейін Айтбек Амангелді отбасының материалдық және моральдық тұрғыдан ауыр зардап шеккенін айтты. Ол қарындасының қазасынан соң ата-анасының денсаулығы күрт нашарлап, қатты күйзеліске түскенін, тіпті еңбекке жарамай қалғанын алға тартып отыр. Оның айтуынша, ата-анасы қайғы мен уайымнан күнделікті ем қабылдап, психологиялық ауыр жағдайда.
Сот кабинетінде тіркелген мәлімет бойынша, арыз иесі сот процестері кезінде адвокаттарға, олардың жол шығындары мен қонақүй ақыларына 8 млн 828 мың теңге жұмсаған. Осы шығындарды да жауапкерден өндіріп алуды сұрап отыр.
«Отбасымыз қарындасымыздың қазасынан соң есеңгіреп қалды. Ата-анамның денсаулығы қатты нашарлады, жұмыс істеуге қауқары жоқ. Әлі күнге дейін емделумен келеді», – делінген арызда.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты істі қарап, Айтбек Амангелдінің талабын ішінара қанағаттандырған. Нақты айтқанда, сот Қуандық Бишімбаевтан материалдық шығын ретінде 6 млн 877 мың 672 теңге және моральдық залал ретінде 10 млн теңге өндіру туралы шешім қабылдады.
Сот процесі кезінде марқұмның ата-анасы өтемақыдан бас тартып, қаражаттың толықтай ұлдарының пайдасына аударылуын өтінген.
Еске салайық, Салтанат Нүкенованың қазасы бойынша қозғалған қылмыстық істің басты фигуранты экс-министр Қуандық Бишімбаев. Бұл оқиға қоғамда кеңінен талқыланып, көпшіліктің назарында қалған еді.
Бұған дейін Бишімбаевтың ата-анасынан «үкімді жеңілдетемін» деп 100 миллион теңге сұраған әйел құрықталған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

