Қаржылық мониторинг агенттігі блогер Қайсар Қамзаға қандай айыптар тағылғанын жария етті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Соттың санкциясымен күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Ол заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілінген. Агенттіктің дерегіне сәйкес, ер адам шамамен бес жыл бойы Instagram әлеуметтік желісінде «qais_arr» лақап атымен белсенді блогерлік қызмет жүргізіп, 2,4 миллионға жуық жазылушы жинаған. Сонымен қатар 368 мыңнан астам оқырманы бар «Қора энтертейнмэнт» атты жабық Telegram арнасын басқарған.
Тергеу материалдарында көрсетілгендей, күдікті жеке әлеуметтік желідегі парақшаларын пайдалана отырып, Қазақстан азаматтарына бағытталған «Pinco» интернет-казиносына қатысуға шақыратын бейнематериалдар мен жазбаларды жүйелі түрде жариялаған.
Посттарда тікелей сілтемелер, графикалық элементтер және тіркелуге үндейтін мазмұн болған. Әр жарияланымның астында ойын бонусын беретін жеке промокод орналастырылған. Осы арқылы ол онлайн-платформаны жарнамалап, пайдаланушыларды құмар ойындарға тартқан және сыйақы, бонустар мен пайыздық аударымдар түрінде табыс алып отырған.
Агенттіктің хабарлауынша, заңсыз алынған кірісті жасыру мақсатында криптовалюта әмияны қолданылған. Интернет-казино ұйымдастырушыларынан төлемдер сол криптоәмиянға түскен. Сот санкциясымен көлемі 182 736,741 USDT болатын криптоактивтерге тыйым салынды.
Қаржылық мониторинг агенттігі іздеудегі тұлғаның ықтимал жүрген жері туралы мәліметі бар азаматтарды кезекші бөлімге хабарласуға шақырады. Бұған дейін ресми дерекқорда Қайсар Қамзаның іздеуде жүргені туралы ақпарат жарияланған. Іздестіруді бастаған орган ретінде Қаржылық мониторинг агенттігі көрсетілген, ал жедел іс-шаралар Астана қаласында жүргізіліп жатыр.
Ашық дереккөздерде Қайсар Қамза 2,4 миллионға жуық аудиториясы бар танымал блогер ретінде сипатталады. Ол әлеуметтік желідегі даулы «кора-пати» форматындағы шараларымен, шетелдік сапарларынан түсірілген бейнематериалдарымен, түрлі ұтыс ойындарымен және онлайн-казино жарнамаларымен танылған. Оның есімі бұған дейін де ресми хабарламаларда аталған. Атап айтқанда, заңсыз онлайн-розыгрыштар өткізгені үшін оған 1,1 миллион теңгеден асатын айыппұл салынғаны белгілі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2026 жылға арналған діни күндер күнтізбесін жариялады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

