Қазақстанда бизнеске қатысты салықтық міндеттемелерді жеңілдетуге бағытталған жаңа қадам дайындалып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қаржы министрлігі 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында негізгі берешек толық өтелген жағдайда өсімпұл мен айыппұлды есептен шығару тәртібін айқындайтын құжат жобасын қоғамдық талқылауға ұсынды. Әңгіме «Өсімпұлдар мен айыппұл сомасын есептен шығару қағидаларын бекіту туралы» бұйрық жобасы жөнінде болып отыр.
Жобаның негізгі мәні кәсіпкерлерге қаржылық тұрғыдан тыныс алуға мүмкіндік беру. Егер бизнес субъектісі көрсетілген мерзімде негізгі қарызын өтесе, оған есептелген өсімпұл мен айыппұл жойылады.
Соның нәтижесінде банк шоттары бұғаттан босатылады, мүлікке қойылған шектеулер алынады, кәсіпкерлік қызметті заңды негізде жалғастыруға жол ашылады. Құжат авторлары осылайша нарықтағы адал ойыншыларға «таза парақтан» бастауға мүмкіндік беруді көздейді.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі әзірлеген бұйрық жобасы қазір ашық талқылау кезеңінде тұр. Қоғамдық пікір мен сараптамалық ұсыныстар 2026 жылғы 27 қаңтарға дейін қабылданады. Ұсыныс білдіремін дегендер «Ашық НҚА» порталында өз көзқарасын қалдыра алады.
Ұсынылып отырған тетік салықтық тәртіпті күшейтуге емес, керісінше көлеңкелі тәуекелді азайтып, бизнесті құқықтық алаңға қайтаруға бағытталған. Қаржы жүктемесі жеңілдеген кәсіпкер үшін айналымды қалпына келтіру, қызметті сақтап қалу және жаңа кезеңге өту әлдеқайда оңай болмақ.
Экономикалық ахуал күрделі кезеңнен өтіп жатқан шақта осындай шешімдердің нарыққа әсері айқын сезілуі мүмкін.
Құжат қабылданған жағдайда, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында бизнес үшін елеулі фискалдық «амнистия» іске қосылады. Сарапшылардың пікірінше, бастама қысқа мерзімде бюджетке түсім азайтпайды, керісінше ұзақ перспективада салықтық тәртіпті нығайтуға ықпал етеді.
Білесіз бе, Ұлттық Банкі 10 000 теңгелік ескі банкноттарды жаңасына ауыстырудың мерзімін ұзартты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

