Қазақстанда доллар бағамы соңғы бір жарым жылдағы ең төмен деңгейге қайта оралды. Ұлттық банк 17 наурыз күні АҚШ валютасының ресми бағамын 486,2 теңге деп белгіледі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алдыңғы күнмен салыстырғанда доллар 5 теңгеден астам арзандады. Сарапшылардың мәліметінше, мұндай көрсеткіш соңғы рет 2024 жылдың қазан айының соңында тіркелген.
Наурыз айында теңгенің нығаю үрдісі айқын байқалды. Ай басынан бері ұлттық валюта 2,3 пайызға қымбаттаса, жыл басынан бергі өсім 3,8 пайызға жеткен.
Сарапшылар бұл жағдайды әлемдік нарықтағы мұнай бағасының өсуімен байланыстырып отыр. Таяу Шығыстағы шиеленіс салдарынан мұнай жеткізілімдері шектеліп, баға көтерілген.
АҚШ пен Израильдің Иран инфрақұрылымына жасаған соққыларынан кейін Ормуз бұғазындағы тасымал күрт төмендеген. Соның әсерінен мұнай ұсынысы азайып, Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асып кеткен.
Бұл жағдай мұнай экспорттаушы ел ретінде Қазақстан үшін қолайлы факторға айналды. Инвесторлар ел экономикасын мұнай бағасының өсуінен пайда көретін нарық ретінде қабылдай бастады.
Теңге басқа валюталарға қатысты да нығайды. Еуро 557,82 теңгеге дейін төмендесе, Ресей рублі де арзандап, 6 теңге шамасына түсті.
Айта кету керек, бұған дейін сарапшылар геосаяси тұрақсыздық теңгені әлсіретуі мүмкін деген болжам жасаған. Әдетте мұндай кезеңде инвесторлар дамушы елдерден қаржысын шығарады.
Алайда қазіргі жағдайда керісінше үрдіс байқалып отыр. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның энергетикалық ресурстарға тәуелді экономикасы мұнай бағасының өсу кезеңінде уақытша артықшылыққа ие болып отыр.
Жалпы, теңгенің нығаюы сыртқы факторларға тәуелді екенін ескерсек, бұл үрдістің қанша уақытқа созылатыны алдағы геосаяси және экономикалық жағдайға байланысты болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







