Түркиядағы «Аккую» атом электр стансасының алғашқы реакторын 2026 жылы іске қосылады деп күтілуде. Соңғы он жылда Анкара электр тұтынуының үздіксіз өсімін, газ импортына тәуелділік пен бағаның құбылмалы болуын еңсеріп, климаттық міндеттемелерді орындау үшін тығырықтан шығар жолды көп уақыт іздеген-ді. Осы ізденістің арқасында ұзақмерзімді қуат көзіне айналатын атом энергетикасы салуды ұйғарғанын білеміз. Соңғы жылдардағы «Аккую» АЭС-нің құрлысындағы 1,5 жылдық кідіріске қаржыландыру логистикасындағы қиындықтар мен санкциялық қысым себеп болғаны анық. Енді АЭС-тің құрылысына қайтадан жан біте бастады.
Төрт бірдей блоктан тұратын «Аккую» АЭС-і толық қуатына шыққанда елдің электр сұранысының шамамен 10 пайызын жабатын болады. Мұндай жағдайда түркі ағайындар газ сатып алуды едәуір қысқартып, қыста жүктемені тұрақтандыратын мүмкіндікке ие болады. Сонымен қатар ресми Анкара Париж келісімін ратификациялап, 2053 жылға «таза нөл» мақсатына ұмтылып отырған ел. Олардың осы мақсатқа қол жеткіуіне «Аккую» АЭС-і айтарлықтай септесетін болады.
«Аккуюдың» қаржылық-институционалдық архитектурасы да назар аударсақ, жоба «Росатомның» «сал – иелік ет – пайдалан» моделі бойынша қолға алынғанын байқауға болады. «Росатом» жасалған келсімде мемлекетаралық келісімдер отынмен қамту, өндірілген электрді сатып алу, реттеушілік талаптары айқын көрсетілген.
Сонымен қатар келсімде жобаның 49 пайызына дейінгі үлесін үшінші инвесторларға өткізу мүмкіндігі де қарастырылған. Алайда бақылау пакеті мен стратегиялық шешімдер Түркияның келісімінсіз өзгермейді. Бұл – ірі капитал тартудың, тәуекелді бөлудің классикалық әдісі. Дегенменде қаржы нарығы «реактор – бүгін, ақша – ертең» логикасын құп көрмейтіні анық. Сондықтан кез келген кідіріс құн өсіміне, ал құн өсімі – тариф дебатына ұласуы әбден мүмкін.
Техникалық өлшемге келсек, «Аккую» үшінші буынның жаңа қауіпсіздік философиясына сүйенген энергетикалық нысан. Реактордың пассивті қауіпсіздік жүйелері, апаттық тоқтатудың көпдеңгейлі архитектурасы, ядролық отынды ұстап қалатын «core-catcher» сияқты шешімдер бүгінгі нормативтің талабына сай келеді. Сейсмикалық белсенді аймаққа тән тәуекелдерге де баса назар аударылғанын айта кетуіміз керек.
Түркияның ядролық реттеуші мекемесі лицензиялау мен қадағалауда халықаралық агенттіктердің ұсынымдарын ұдай енгізіп, басшылыққа алып келеді. Осы ретте түрік ағайындар құрылыс сапасын тәулік бойы бақылап, болашақ оператордан кадрларды жүйелі даярлауды талап етуде. Бүгінде жүздеген түрік инженері ядролық біліктіліктерін шетелде көтеріп, тағылымдамадан өтуде.
Өйткені түрік бауырлар реакторды белгілі мерзім аралығында салуға болатынын жақсы біледі, ал күрделі энергетикалық нысанды бақылайтын инженердің машығы ұзақ уақыт шыңдалатынын жақсы біледі. Осы ретте ел аумағында бірнеше АЭС салуды жоспарлап отырған қазақ елі де түрік ағайындардың іс-тәжірибесін мұқият зерделеуі маңызды.
Ендігі кезекте кідіріс себептеріне аз-кем тоқталсақ, бүгінде Ресейге салынған санкциялық қысым ядролық жобаларға күтпеген жағдайларға тап қылатынын естен шығармауымыз керек. Бір ғана сорғы, клапан, турбина бөлшегінің жеткізілім тізбегі үзілсе, жұмыс кестесі кейінге сырғиды. Сол үшін жобалық басқаруда баламалы жеткізуші мен қосалқы жоспардың болуы маңызды.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, атомның ең қымбат бөлігі – құрылыс уақыты. Ай сайынғы кешігу жобаға жұмсалатын қаржының пайызын өсіріп, соңында өскен қаржы тарифке барып қосылатыны анық. Демек, «Аккую» АЭС-ін 2026 жылғы дейін іске қосу жоспары тек технологиялық тізбекке ғана емес, қаржылық-әлеуметтік межеге де байланысты екенін байқауға болады.