Қазақстанда діни білімсіз өз бетінше халыққа түрлі тыйым салатын псевдоимамдар мен блогерлердің әрекетіне заң шеңберінде қатаң жауап берілмек. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Вице-министрдің айтуынша, еліміздің заңнамасында «діни насихат» деген ұғым жоқ, алайда қоғамның берекесін алатын радикалды және экстремистік идеологияны таратуға тыйым салынған.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде домбыраны «харам», Наурызды «күнә» деп жариялап, ұлттық құндылықтарға қарсы шығып жүрген адамдар көбейді. Қанат Ысқақов мұндай әрекеттерді нағыз псевдодіншілдік деп атады.
«Псевдодіншілдік деген не? Бұл өмірінде Құранды оқымаған, діни білімі жоқ адамдардың ойдан шығарған тыйымдары. Домбыраны харам, Наурызды күнә деп айту таза псевдодіншілдік. Наурызды жоққа шығарған адам әкімшілік жазаға тартылды», – деді ол.
Вице-министр жақында елді шулатқан «әйелін шәкіртіне сыйлады» деген мәлімдеме авторы да әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынғанын растады. Алайда сол сұхбатты жүргізген журналистің жазалануына қатысты министрлік араласа алмайтынын атап өтті.
«Ол кісі әйелін сыйға тарту туралы мәлімдемесі үшін әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төледі. Ал сұхбат алған журналистке қатысты мәселені біз білеміз, қазір тексеріп жатырмыз. Бірақ соттың ісіне араласуға құқымыз жоқ, сондықтан оған пікір білдіре алмаймын», – деді Ысқақов.
Сонымен қатар…
Әлеуметтік желіде тараған TikTok пен Reels-тегі видеоларға да жеке тоқталды. Бұл роликтерде өзін имам деп таныстырған азаматтар қазақстандық қыз-келіншектерді басына орамал тақпағаны үшін сынға алып, қоғам алдында қорлап, айыптап келген болатын.
Министрлік өкілі мұндай әрекеттер заң бұзушылық болып саналатынын және оның жауапкершілігі ауыр екенін ескертті.
«Мұндай адамдарды бұған дейін жауапқа тарттық, алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасады. Олар таратқан ақпарат жалған, қоғамда діни және әлеуметтік араздықты қоздыруға бағытталған. Бұл заң бұзушылық болып табылады және міндетті түрде жазасын алады. Министрлік мұндай әрекеттердің алдын алу және жолын кесу үшін тиісті шараларды тұрақты жүргізеді», – деді Қанат Ысқақов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







