Туризм және спорт вице-министр Ержан Еркінбаевқа қатаң сөгіс жарияланды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұған дейін Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев бастаған Үкіметтік топ Алматы, Қарағанды, Жетісу және Абай облыстарындағы туристік аймақтарды аралап, бірқатар кемшілікті анықтаған еді.
Көл жағасындағы жұрттың жанайқайы расталды: Қапшағай, Алакөл мен Балқашта сервис төмен, қауіпсіздік жоқ, санитарлық жағдай сын көтермейді.
Әсіресе, әкімдіктерге қарасты коммуналдық жағажайлар қараусыз қалған: кәсіпкерлер чек бермей, салықтан жалтарып, тазалық талаптарын бұзған.
Президент тапсырмасы бойынша кінәлілер бірден жазаланды.
Туризм мен спортқа жауапты вице-министр қатаң сөгіс алды. Алматы, Қарағанды, Абай және Жетісу облыстары әкімдерінің туризмді бақылайтын орынбасарлары да жазадан құр қалмады.
Қонаев пен Балқаш қалаларының, Алакөл мен Мақаншы аудандарының әкімдеріне сөгіс берілді. Сондай-ақ, экология, денсаулық сақтау, қаржы, су ресурстары, сауда және көлік салаларының аймақтық басшылары да жауапқа тартылды.
Енді осы мәселелерді реттейтін арнайы Жол картасы әзірленбек. Туризм инфрақұрылымын жөнге келтіру үшін тұрақты жұмыс істейтін Жобалық офис құрылады. Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі туристік нысандарды қысқа мерзімде қалыпқа келтіріп, жауаптыларды жазалауды тапсырған еді.