Президент Тоқаев Алакөлдің туристік маусымға дайын еместігін айтып, демалушылар тарапынан түскен сансыз шағымға байланысты Үкіметке шұғыл тапсырма берді.
Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Мемлекет басшысы Алакөлдің танымал туристік орын екенін атай келе, оның туристік маусымға мүлде дайындықсыз қалғанын сынға алды. Әсіресе, туристерге қажетті инфрақұрылымның жоқтығы, сервистің төмендігі және демалушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмегені айтылды», – деді Руслан Желдібай.
Президент бұл мәселеге кінәлі тұлғаларды анықтап, жауапкершілікке тартуды тапсырған екен.
Сонымен қатар Тоқаев бүкіл ел аумағындағы туристік инфрақұрылым мен сервистің сапасын түбегейлі жақсарту жөнінде Үкіметке нақты міндет қойған.
Алакөлдегі сервистің нашарлығы, қонақүйдегі антисанитария, дәретхананың тапшылығы туралы талай уақыттан бері қақсап келе жатқан туристердің шағымы Үкімет деңгейінде қаралатын болды.
Бұған дейін Ertenmedia-ға пікір білдірген белгілі заңгер Саида Тәуекелова Алакөлдегі қауіпсіздік мәселесі де сын көтермейтінін айтқан.
«Қазір Алакөл жағасындамын. Табиғаты тамылжып тұр, туристер демалуда, кәсіпкерлер барынша жағдай жасауда. Бірақ осы әсем көріністің тасасында үлкен мәселе бар бүкіл жағалауда бірде-бір (мемлекеттік) құтқарушы жоқ. Құтқарушылардың арнайы мұнарасы, жүзуге арналған белгілер, қоршаулар, нұсқаулықтар атымен жоқ. Адамдар, оның ішінде бала-шаға су мотоциклі мен катерлер жүзіп жүрген жерде емін-еркін шомылып жүр. Мұның арты ауыр қайғыға ұласуы мүмкін», – деген еді Саида Тәуекелова.
Заңгер шомылу орындары жүзуге арналған белгілермен (буйки) анық шектеліп, демалушылар мен су көліктеріне бөлек аймақтар белгіленуі қажет екенін айтқан болатын. Алайда…
«Іс жүзінде Алакөл жағалауында қарапайым қауіпсіздік ережелері мүлде ұмыт қалған. Бұл жай ғана кемшілік емес, демалушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін фактор. Құтқарушылармен қамтамасыз ету кәсіпкердің міндеті емес, мемлекеттің жауапкершілігі. Туристер көп келетін орында құтқарушылар да толып жүруі тиіс», – дейді заңгер.
Заңгер жергілікті әкімдіктің жауапкершіліктен қашып отырғанын, тіпті туристермен кездесуге жүрексінетінін де сынға алған еді.
Осы мәселеге байланысты заңгер Төтенше жағдайлар министрлігіне, Туризм және спорт министрлігіне, Көлік министрлігіне, сондай-ақ Абай облысының әкімдігіне ашық сауал жолдамақ.