Жетісу облысында Мемлекет басшысының Алакөл жағалауының инфрақұрылымы мен қызмет сапасын жақсарту тапсырмасына сәйкес нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бұл туралы өңір әкімі Бейбіт Исабаев Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әсіресе, жағалаудың санитарлық тазалығына ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл жағалауда қосымша 100 қоқыс контейнері, 40 киім ауыстыру орны, 40 биодәретхана, 40 құтқару мұнарасы, 13 шақырымдық буй желісі мен 8 пирс орнату жоспарланған. Сонымен қатар, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін 10 гектар аумаққа арнайы полигон салу бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалды.
Жағалаудағы тазалықты тұрақты қамтамасыз ету үшін арнайы «Алакөл Тазалық» коммуналдық кәсіпорны құрылып, оның техника паркіне 20 арнайы көлік сатып алынды.
Туризмнің дамуы үшін көлік инфрақұрылымына да айрықша мән берілді. Бұған дейін «Талдықорған – Алакөл», «Үшарал – Достық» бағыттарындағы автожолдар толық жаңартылған. Үшарал әуежайы ірі ұшақтарды қабылдауға бейімделіп, Астана мен Алматы қалаларынан әуе қатынастары субсидияланып келеді. Әуежайды жаңғырту жұмыстарының келесі кезеңі бойынша жоба әзірленді. Теміржол қатынасы да жақсарып, бүгінде Астана, Алматы, Өскемен, Семей, Павлодар, Қызылорда қалаларынан 12 пойыз, соның ішінде былтырдан бері «Астана – Достық» бағытында «Тальго» пойызы тұрақты түрде қатынап жатыр.

Жағалаудағы инфрақұрылымның маңызды бөлігі – электр және кәріз жүйелері. Былтыр Бескөл мен Ақши ауылдары арасында жалпы ұзындығы 57 шақырым электр желісі тартылып, екі қосалқы станция іске қосылды. Ақши ауылындағы кәріз жүйесі де қарқынды салынып, алғашқы кезеңі 2024 жылы аяқталды.
Сонымен бірге жағалауды нығайту жұмыстары қолға алынып, қазір бірінші кезеңі атқарылуда. Ал жүзу құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыста арнайы су пайдалану қағидалары бекітілген.
Қазіргі таңда Алакөл жағалауында 277 туристік нысан қызмет көрсетуде, былтырдың өзінде қосымша 17 жаңа туристік кешен пайдалануға берілді. Бұл шаралардың барлығы аймақтың туристік тартымдылығын арттырып, демалушыларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Білесіз бе, Ұлттық Банк 10 000 теңгелік ескі банкноттарды жаңасына ауыстырудың мерзімін ұзартты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

