Әлемге әйгілі италиялық Chicco бренді Қазақстанда алғаш рет өз өнімдерін шығара бастайды.
Алматы облысындағы жаңа Алатау қаласында орналасатын кәсіпорын балаларға арналған тауар өндіретін болады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев желідегі парақшасында жазды.

Оның сөзінше, Алатаудағы UNITED HYGIENE зауытында Chicco маркалы cәбилердің жөргегі, жаялықтар мен дымқыл майлықтар шығарылмақ.
«Халықаралық деңгейдегі осындай ірі брендтің бізді таңдауы өңірге деген инвесторлар сенімінің артқанын дәлелдейді. Алатау қазір шетелдік компаниялардың назары ауған жаңа өнеркәсіптік орталыққа айналуда», – деді Сұлтанғазиев.
Жобаның құны 10 миллиард теңге шамасында. Өндіріс толық іске қосылғанда аймақта 250-ге дейін жұмыс орны ашылады.

Зауытта өндірілетін өнімнің тең жартысы Ресей, Грузия, Әзірбайжан және Өзбекстан нарығына экспортқа шығарылмақ.
Сұлтанғазиев жаңа жоба өңірдің инвестициялық тартымдылығын көтеріп, Алматы облысының экономикасына айтарлықтай серпін беретінін айтты.
«Алатау қаласын инвестор үшін тартымды алаңға айналдыру басты фокус. Әлемдік брендтер ұзақ мерзімді өсу-даму жоспарын осы қаламен байланыстырғанын қалаймыз», — дейді аймақ басшысы.