Алматыдағы заңсыз құрылыс тоқтамай тұр. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жергілікті биліктің бейқамдығын сынға алып, қала аумағындағы бақылаусыз құрылысқа қарсы нақты шаралар қабылдауды талап етті деп хабарлайды Ertenmedia.
Депутат жазғы тексеру кезінде Алматының жоғары бөлігіндегі табиғи сай-саланың жаппай топырақпен толтырылып жатқанын анықтаған. Учаскелерге таунхаус пен коттедждер тұрғызылуда.
Базарбектің өз сөзімен айтсақ, осындай 12 табиғи сай заңсыз жабылып, табиғаттың мыңжылдық тәртібі бұзылған. Мұның салдары өте ауыр болуы мүмкін.
«Табиғатты алдап, оның заңын қайта жазамыз деп ойлайсыздар ма? Ертең мұздықтар еріп, мореналық көлдер жарылса, осы заңсыз құрылыстардың кесірінен мыңдаған адам су астында қалады», – деді депутат.
Бұған қоса, Бақытжан Базарбек құрылыс компанияларының Алатау баурайындағы тау жоталарын жаппай кесіп жатқанын айтты. Тамыздағы тексеріс бойынша Алматының элиталық аудандарынан, атап айтқанда, Көк-Төбе, Көлсай, Бутаковка, Кеңсай, Бағанашыл, Горный гигант, Ремизовка аумақтарынан заңсыз бөлінген 25 жер телімі анықталған.
Бұл учаскелердің мақсатты пайдаланылуы мүлде бөлек болғанына қарамастан, олар коттедж мен таунхаустар салуға бейімделіп, кейбір тұста тіпті сібір жарасы көмілген жерлердің үстінен құрылыс жүргізілген.
«Біз жақында ғана заңға тау жоталарын кесуге тыйым салатын өзгеріс енгіздік. Бірақ бұл талап қағаз жүзінде ғана қалып отыр. Тау қырқу әлі жалғасуда. Бақылаушы органдар әрекетсіз», – деді ол.
Бұдан бөлек, депутат Алматыдағы көпқабатты тұрғын үй кешендеріндегі заңсыздықты атап өтті. Оның айтуынша, RAMS компаниясы 40 қабатты тұрғын үй кешенін салу үшін 4 гектар жерде заңсыз қазаншұңқыр қазып, ешбір рұқсатсыз, жобасыз құрылысын жалғастырып келеді.
Осыған ұқсас заңсыздық Prime Park тұрғын үй кешені мен тағы 20 шақты нысанда байқалған.
Сондай-ақ, Базарбек соттың шешімімен үш жыл бұрын сүрілуі тиіс болған кейбір нысандардың әлі де тұрғанын, сот орындаушылары мен Әділет министрлігінің мәселені созбалаңға салып отырғанын сынға алды.
Депутат билікке мынадай шарт қойып отыр:
- Заңсыз құрылыс нысандарын бұзу жөніндегі сот шешімдерінің орындалуын қатаң бақылауға алу;
- Табиғи сай-салаларды топырақпен толтыру мен онда құрылыс жүргізуге толық тыйым салу;
- Алматы маңындағы барлық тау бөктері аумақтарын жаппай түгендеу;
- Жер телімдерінің бөлінуі мен мақсатын өзгерту фактілерін тексеру;
- Бұрын берілген сәулет-жоспарлау тапсырмалары мен эскиздік жобаларды қайта қарау;
- Табиғи сай-салаларды заңсыз жапқан учаскелерді мемлекеттің меншігіне қайтару.
«Қала тағдырын құрылыстың ессіздігінен қорғау бүгінгі биліктің тікелей жауапкершілігі. Алматы табиғатын талан-таражға түсіруге жол бермеуіміз керек», – деп қорытындылады депутат Базарбек.