Алматыдағы Медеу ауданына қарасты Көлсай ықшамауданында заңсыз салынған элиталық үйлер мен коттедж қалашықтарына қатысты ауқымды тексеру басталады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәлімдеді. Оның айтуынша, ауданда заңсыз жолмен рәсімделген 25 жер учаскесіне қатысты материал Бас прокуратураға, Алматы қаласының әкімдігі мен прокуратурасына, сондай-ақ тағы бес мемлекеттік ведомствоға жіберілген.
«Көлсай Алматының інжу-маржаны. Бұл аумақта кез келген құрылысқа қатаң тыйым салынған. Бірақ рейд кезінде тау бөктерінің аяусыз талқандалғанын көзіммен көрдім: тау жоталары кесіліп, ағаштар мен алма бақтары оталған, бұлақтар мен сай-салалар көміліп, орнына элиталық коттедждер бой көтерген», – деді депутат.
Аталған жер телімдеріне елдегі әйгілі кәсіпкерлер мен жоғары лауазымды шенеуніктер иелік етеді екен.
Жақын күндері осы аудан бойынша бұрын-соңды болмаған, жеті ведомствоның қатысуымен ауқымды тексеріс өтеді. Оның құрамында жер инспекциясы, СЭС, Экология министрлігі, Төтенше жағдай қызметі, су ресурстары инспекциясы және прокуратура өкілдері бар.
Тексеру қорытындысы бойынша барлық заңсыз құрылыс тоқтатылып, оларды салуға берілген рұқсаттар мен актілердің күші жойылады. Жер телімдері туралы құжаттар сот арқылы жоққа шығарылып, заңсыз салынған ғимараттар бұзылады.
«Жер мен экология халықтың игілігі. Жұрттың қауіпсіздігі мен қоршаған ортаның тағдыры қымбат. Құрылыс иелерінің қанша қаражат жұмсағаны маңызды емес. Заңсыз салынса, ғимарат сүрілуі тиіс», – деді Бақытжан Базарбек.
Депутаттың айтуынша, рейд басталғалы бері жер иелерінің арасында дүрбелең туған: бірі учаскелерді тезірек сатып жіберуге тырысса, енді бірі кепілдікке қойып, кейбірі жоғары биліктен қорғаныш іздеп жатыр.
Базарбек бұл істі аяғына дейін жеткізуге бел буған. Егер тексеруге тосқауыл қойып, заңсыздықты бүркемелеуге талпынған шенеуніктер болса, олардың есімдері Парламент мінберінен аталып, жұмыстан қуылуы үшін күресетінін мәлімдеді.
Депутат алдағы уақытта Алматының басқа аудандары Бостандық, Наурызбай, сондай-ақ Медеудегі Горный Гигант пен Кеңсайда да осындай тексеріс басталатынын жеткізді. Барлық шара «Жер аманаты» республикалық комиссиясының қатаң бақылауында өтеді.
«Бұл тек бастамасы ғана. Халық игілігі үшін әділдік орнатуға ешкім кедергі бола алмайды», – деді депутат.