Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі жарлығымен Алатау қаласына даму әлеуетін арттыратын арнайы мәртебе берілді деп хабарлайды Ertenmedia.
Президент қол қойған құжатқа сәйкес, енді Алатау қаласы инновациялық экономиканың орталығына айналып, Алматы агломерациясының жинақталған әлеуетін пайдалана отырып, халықаралық деңгейдегі инвестициялар мен бизнес-бастамаларға жол ашады.
Арнайы мәртебе аясында Алатауда инновацияны ынталандыратын ерекше инвестициялық орта қалыптасады, жаңа салаларға капитал тартылып, халықаралық тәжірибеге негізделген басқару тәсілдері енгізіледі.
Бұл мәртебе қаланың экономикалық дамуын ғана емес, оған тартылған жеке инвесторлардың құқықтарын қорғауды да қамтамасыз етпек.
Президенттің жарлығымен Алатау қаласының дамуын үйлестіретін арнайы кеңес құрылады. Кеңес инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау мен инновацияны енгізуге қатысты шешімдер қабылдайды және оларды орындау орталық әрі жергілікті мемлекеттік органдар үшін міндетті болады.
Сонымен қатар, қаланы басқару мен оның қызметін қамтамасыз ету үшін «Alatau City Authority» (АСА) мемлекеттік қоры құрылады. Оның негізгі қызметі арнайы мәртебенің талаптарын орындауға, қаладағы экономикалық жобаларды қаржыландыруға бағытталады.
Президент жарлығы бойынша биылғы жылдың соңына дейін Мәжілістің қарауына Алатаудың арнайы мәртебесіне қатысты конституциялық заң жобасы ұсынылады.
Ал 2026 жылдың қыркүйегіне дейін Үкімет, Бас прокуратура, Ұлттық банк пен Алатау қаласының даму кеңесі бірігіп, қаланың жаңа құқықтық тұжырымдамасын дайындайды.
Жарлықта Алатау қаласының даму процесін жеделдету үшін Үкімет пен Алматы облысының әкімдігіне нақты тапсырмалар берілген. Атап айтқанда, 2026 жылдың қаңтарына дейін қаланың инфрақұрылымын дамыту үшін қажетті басым нысандар анықталып, халықаралық құрылыс стандарттарын тікелей енгізу міндеті қойылған.
Арнайы мәртебе бүгіннен бастап ресми түрде күшіне енді.