Алматы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев таңғы сағат 5-тен бастап күнделікті тексеріс аясында бірқатар нысандардағы жұмыстардың барысын бақылап, жауапты құрылымдарға нақты тапсырмалар берді, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бағдарламаның алғашқы нүктесі Бостандық ауданындағы Әбіш Кекілбайұлы көшесінен Бөкіна көшесіне дейінгі кәріз желісін реконструкциялау болды. Мұнда әкімнің орынбасары құрылыс алаңын аралап, пайдаланылып жатқан материалдардың сапасын және инженерлік коммуникациялардың жағдайын нақтылап, мердігерге жұмыстың қарқынын жеделдетуді тапсырды.
Келесі кезекте Жароков пен Дунаевский көшелерінің қиылысындағы жылу желілерін қайта жаңарту учаскесін тексерді. Ол жобаның тұрғын аудандарды сенімді жылумен қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтіп, мерзімді қатаң сақтауды және технологиялық ақауларға жол бермеуді жүктеді.

А. Иманов атындағы скверде (Мәметова – Желтоқсан көшелерінің қиылысы) Алмасхан Сматлаев ағаштарды санитарлық қырқу және көгалдардың жағдайын қарады. Әсіресе қауіпсіздік пен кесілген бұтақтарды дер кезінде шығару мәселесіне ерекше назар аударды.
Алмалы ауданында ол Ғ. Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театры ғимаратының жанындағы фонтанды күрделі жөндеумен танысты. Әкімнің орынбасары бұл нысан қала тұрғындары мен қонақтары үшін маңызды орын екенін айтып, жұмысты қысқа мерзімде әрі жоғары сапада аяқтауды тапсырды.
Соңғы нүкте Достық даңғылы бойындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары болды. Әкім орынбасары жаяу жүргіншілер аймақтарын аралап, төсеме сапасын және инженерлік шешімдердің жағдайын тексерді.
Аралау қорытындысында Алмасхан Сматлаев барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және абаттандыру деңгейін жоғары ұстап, өзгерістерді қала тұрғындары айқын сезінуі керектігін атап өтті.