Алматы әуежайында кепілге алынған адамға көмектескен ер адамның аты-жөні белгілі болды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Ақпаратқа сүйенсек, бүгінгі күннің батырының есімі — Әбдірайым Мұса. Кейбір мәліметтер бойынша ол 52 жаста.
Оқиғаның мән-жайы
7 наурызда Алматы әуежайында қолында суық қаруы бар ер адам қызметкерді кепілге алды. Желіде әуежайда түсірілген видео тарады. Кадрлардан қолында пышағы бар ер адам қыздың шашынан ұстап алғанын байқауға болады. Оқиға ішкі терминалда болған.
Әуежайдың баспасөз қызметі мәліметінше, ер адам өзін жолаушы ретінде көрсетіп, рейс алдындағы қауіпсіздік аймағына жақындаған. Қызметкерлер одан құжатын сұраған кезде ол қызметкерді пышақпен қорқытқан. 7 минуттан кейін шабуылдаушыны полиция мен авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері ұстады. Ол қамауға алынды.
Кейін Президент Алматы әуежайындағы оқиғаға қатысты батыл азаматты марапаттауды тапсырды.