Көліктегі полиция департаменті Алматы әуежайында 67 жастағы қаскөйді ұстауға қатысқан қызметкерлерінің әрекетін бағалады, — деп хабарлайды ErtenMedia Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Департамент мәліметінше, шабуыл жасаған ер адамды ұстауға Алматы әуежайының желілік бөлімінің екі қызметкері қатысқан. Алайда куәгер Мұса Әбдірайым әуежай қызметкерін құтқарғаннан кейін әлеуметтік желілерде полицейлерге сыни пікірлер айтыла бастады.
«Полиция қызметкерлері оқиға орнында Алматы әуежайының өкілдерімен бірлесіп, жағдайды жедел шешті. Шабуыл жасаған ер адам қызметкерге агрессия көрсеткенін ескере отырып, олар әуежай терминалында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көзделген алгоритмге сәйкес әрекет етті», — деп жауап берді ведомство өкілдері.
Алайда Көліктегі полиция департаменті бұл дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізеді, оның нәтижелері бойынша құқықтық баға беріледі.
Сонымен қатар, полиция Алматы әуежайын тексеріп шыққан, өйткені қаскөй жарып жіберемін деп қорқытқан болатын.
«Қызметкерлер мен келушілерді эвакуацияламай, әуежайға жарылғыш техникалық тексеріс жүргізу туралы шешім қабылданды. Авиациялық қауіпсіздік қызметінің кинологтары қызметтік іздестіру иттерін қолданып, әуежай аумағын (Т1 және Т2 терминалы, бизнес терминал және жабық паркинг) қарап шықты. Қандай да бір жарылғыш құрылғылар мен басқа да тыйым салынған заттар табылған жоқ», — деді департамент өкілі.
Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Оқиғаның мән-жайы
7 наурызда Алматы әуежайында қолында суық қаруы бар ер адам қызметкерді кепілге алды. Желіде әуежайда түсірілген видео тарады. Кадрлардан қолында пышағы бар ер адам қыздың шашынан ұстап алғанын байқауға болады. Оқиға ішкі терминалда болған.
Әуежайдың баспасөз қызметі мәліметінше, ер адам өзін жолаушы ретінде көрсетіп, рейс алдындағы қауіпсіздік аймағына жақындаған. Қызметкерлер одан құжатын сұраған кезде ол қызметкерді пышақпен қорқытқан. 7 минуттан кейін шабуылдаушы ұсталды. Ол қамауға алынды.
Кейін Президент Алматы әуежайындағы оқиғаға қатысты батыл азаматты марапаттады.