Соңғы уақытта Алматы әлсін-әлсін дірілдеп тұр. Қала халқы елеусіз дүмпулерге үйреніп алғанымен, мамандар мұның қауіпті белгі екенін ескертеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Белгілі қазақстандық сейсмолог Мұхтар Қайдаров Exclusive.kz порталына берген сұхбатында қаладағы жер дүмпулерінің ұсақ-түйек болып көрінгенімен, шын мәнінде ірі зілзалаға әкелетін процестің бір бөлігі екенін ашық айтты.
Оның атап өткеніндей, «ұсақ тербеліс жер астындағы кернеуді азайтады» деген болжам, шындыққа жанаспайтын аңыз ғана. Шын мәнінде әлсіз жер сілкінісі үлкен энергияның жинақталып жатқанын көрсетеді. Сейсмологиялық тұрғыдан алғанда, осы процестің соңы ірі, күшті жер сілкінісімен аяқталуы әбден мүмкін.
Сейсмолог маман мұндай болжамдардың ғылыми тұрғыдан дәлдігі жоғары болса да, қазір осы туралы ашық айтудың үлкен тәуекел екенін жеткізді. Себебі нақты болжам үшін дамыған сейсмикалық бақылау жүйесі қажет.
Қазақстанда мұндай кешенді бақылау жүйесі әлі толыққанды қалыптаспаған. Сондықтан нақты уақыт пен зілзаланың күші туралы болжам жасау мүмкін емес. Қысқа мерзімді болжам жасаудан ресми мекемелердің өзі әлдеқашан бас тартқан.
2005 жылы…
Қайдаров жер сілкінісінің болжамын жариялаудың қаупін жеке тәжірибесінен мысал келтіріп түсіндірді. 2005 жылы ол Алматының шығысындағы аймақта ірі зілзала болуы мүмкін деген құжатты төтенше жағдай қызметіне жіберген. Алайда ақпарат баспасөзге тарап, халық дүрлігіп, сыртқа шыққан. Артынша оны теледидар арқылы «ешқандай болжам жасаған жоқпын» деп айтуға мәжбүрлеген.
Бір қызығы, екі аптадан соң шынымен ірі жер сілкінісі болған, тек болжанған орыннан 250 шақырым алыс, Қытай аумағында тіркелген. Сейсмологтың пікірінше, бұл қателік емес, керісінше, табиғи процестің күрделілігін көрсететін құбылыс.
Ғалым Қазақстанда жер сілкінісін болжау мен мониторинг жүргізуде үлкен кемшілік барын айтады. Бұған дейін қаржыландырудың қысқаруы мен мамандардың кетуі себебінен жүйелі жұмыстың сапасы айтарлықтай нашарлаған.
Қайдаров төтенше жағдайлар министрлігінің табиғи апаттың салдарын жоюмен айналысатынын, алайда мұның апаттың алдын алумен мүлдем байланысы жоқтығын ашып айтты.
Осы тұста
Оның ойынша, сейсмикалық қауіптің алдын алу үшін ең алдымен қысқа мерзімді, дәл болжамдарға сүйенген жүйе керек. Бірақ әлемдік сейсмологияда мұндай болжамдар жасау қауіпті әрі күрделі бағыт болып саналады. Ғалымдар беделіне нұқсан келтіруден қауіптенгендіктен, мұнымен айналысқысы келмейді.
Сұхбат барысында сарапшы Капшағай су қоймасының Алматыдағы жер сілкінісіне әсері туралы кең тараған пікірге тоқталды. Кейбіреулер су қоймасы жер астындағы қысымды азайтады деп есептейді.
Бірақ сейсмологтың айтуынша, 1969 жылы қойманы толтырғаннан кейін, Тән-Шан мен Алматы маңында бірнеше рет күшті жер сілкінісі тіркелген. Ғалымның пікірінше, мұндай су қоймалары керісінше тектоникалық белсенділікті күшейтеді. Ол әсіресе алдағы уақытта жоспарланып отырған Кербұлақ су электр станциясы секілді ірі гидронысандарды салудың қауіп-қатері зор екенін ескертті.
Алматыдағы құрылыс қарқыны да сейсмологтың алаңдаушылығын тудырып отыр. Қала аумағы жүз есеге жуық кеңейіп, көпқабатты тұрғын үйлер күрт көбейген. Сарапшы қазіргі көпқабатты үйлердің жер сілкінісіне төзімділігіне үлкен күмәнмен қарайды.
«Бұрынғы зауытта дайындалған үйлер қазіргі ғимараттардан әлдеқайда сапалы әрі берік еді. Жаңа үйлер сырт көзге әдемі көрінгенімен, технологияны сақтамай салынған. Бетон қажетті температуралық режим сақталғанда ғана берік болады, бірақ қазір осы талап орындалмайды», – дейді ол.
Мұның үстіне
Алматыда құрылысқа таңдалған аумақтардың өзі үлкен мәселе. Қазір қаладағы жүзден астам тұрғын үй кешені сейсмикалық белсенді аймақтарда салынған. Жер сілкінген кезде ондағы топырақ сұйық тәрізді болып, берік ғимараттардың өзі құлауы ықтимал.
Ғалым Алматыға жеке сейсмикалық қауіпсіздік қызметі керектігін айтты. Мұндай қызметтің негізгі міндеті сейсмикалық қатерлерді бақылау мен алдын ала болжам жасау болуы тиіс. Сейсмолог жер сілкінісінен аман қалу үшін әрбір тұрғынға қарапайым кеңестер берді.
Айтуынша, ең сенімді қорғаныс метро секілді жер астындағы нысандар. Себебі тереңдеген сайын жер дүмпулерінің қуаты күрт азаяды. Сондай-ақ үйде қатты табанды аяқкиім, ысқырық, ауыз судың қоры міндетті түрде болуы қажет. Аяқкиімді төсек астында сақтаған дұрыс, өйткені жер сілкінісінен кейін еденде сынған әйнектер мен кафель сынықтары жатады.
Мұхтар Қайдаровтың айтуынша, Алматы тұрғындары сейсмикалық қауіпті үнемі есте сақтап, әрқашан дайын болуы керек. Себебі, мұндай апаттың болу-болмауы уақыттың ғана еншісінде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







