Алматы әуежайында қарулы адамның қолынан кепілге түскен бойжеткенді құтқарған азаматтың кім екені анықталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жұрт бүгінгі күннің батыры ретінде таныған бұл азаматтың аты-жөні Әбдірайым Мұса. Қазіргі деректерге сәйкес, оның жасы 52-де.
Оқиғаның жай-жапсары қалай өрбіген еді?
7 наурыз күні Алматы әуежайының ішкі терминалында пышақпен қаруланған ер адам қызметкер қызды кепілге алып, жұртты дүрліктірді. Әлеуметтік желіде тараған видеодан шабуылдаушының қыздың шашынан ұстап, қорқытып тұрғанын көруге болады.
Әуежайдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, шабуыл жасаған адам өзін жолаушы ретінде көрсетіп, ұшуға дайындық кезіндегі қауіпсіздік аймағына өтпек болған. Қызметкерлер одан құжат талап еткенде, ер адам кенеттен пышақ шығарып, қызметкерге тап берген. Шамамен жеті минуттан кейін тәртіп сақшылары мен әуежайдың қауіпсіздік қызметі қылмыскерді залалсыздандырып, қамауға алды.
Оқиғадан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шабуыл кезінде ерлік танытып, адам өмірін арашалап қалған азаматты марапаттау туралы тапсырма берді

