Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алған ер адамның бұған дейін де зорлық әрекеттерімен көзге түскені белгілі болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, әуежайдағы оқиғаға қатысы бар күдікті былтыр Алматыда қоғамдық көлікте әйел адамға қол көтерген. Ол кезде ер адам автобуста жолаушыға тап беріп, соққыға жыққан. Тергеу барысында екі оқиғаға да бір адамның қатысы бар екені расталған.
Полиция өкілдерінің айтуынша, қоғамдық көліктегі жағдайдан кейін күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Алайда сот тергеу кезеңінде бұлтартпау шарасын өзгертіп, үйқамаққа алу жөнінде шешім шығарған. Кейін іс сотқа жолданып, былтыр желтоқсан айында ер адам бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген.
Еске сала кетейік, 7 наурыз күні Алматы әуежайының ішкі терминалында қолында суық қаруы бар ер адам әуежай қызметкерін кепілге алған. Куәгерлер түсірген видеоларда күдіктінің пышақ ұстап, қыздың шашынан тартып тұрғаны көрінеді. Оқиға жолаушыларды тексеру аймағына жақын жерде болған.
Әуежай әкімшілігінің мәліметінше, ер адам өзін жолаушы ретінде көрсетіп, қауіпсіздік аймағына өтпек болған. Қызметкерлер құжатын сұраған сәтте ол пышақ шығарып, қызметкерді қорқытқан. Шамамен жеті минут ішінде полиция мен авиациялық қауіпсіздік қызметі күдіктіні залалсыздандырып, қамауға алған.
Кейін Мемлекет басшысы әуежайдағы жағдай кезінде батылдық танытқан азаматты марапаттауды тапсырды.

