Алматы қалалық кардиологиялық орталығында жүректің митралды қақпақшасының ауыр ақауын заманауи транскатетерлік әдіспен емдеді. Дәрігерлер MitraClip жүйесін имплантациялау бойынша шеберлік сабағын өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл шара аясында тәжірибелі интервенциялық кардиологтар ауыр жүрек патологияларын эндоваскулярлық әдістермен емдеудің жаңа тәсілдерін талқылады. Әсіресе, хирургиялық тәуекелі жоғары науқастарға ашық ота жасамай-ақ жүрек қақпақшаларын транскатетерлік жолмен қалпына келтіру мүмкіндіктері сөз болды.
Жаңа технология MitraClip жүйесі қан тамырлары арқылы катетер көмегімен енгізіледі. Мұндай процедура күрделі жүрек аурулары бар науқастардың жағдайын жеңілдетіп, митралды жеткіліксіздікті айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Шеберлік сабағы аясында екі науқасқа нақты көрсетілімдік ота жасалды:
78 жастағы ер адамға митралды қақпақшаның хорда үзілуі диагнозымен;
63 жастағы ер адамға митралды жеткіліксіздік диагнозымен.
Жоғары технологиялық ем-шараға Астана қаласындағы UMC «Интервенциялық кардиология» клиникалық-академиялық департаментінің жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы Марат Әріпов және функционалдық диагностика дәрігері Ақнұр Қали арнайы маман ретінде қатысты.
Қалалық кардиология орталығының интервенциялық кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Оразбек Саховтың айтуынша, мұндай тәжірибе алмасу шаралары дәрігерлердің кәсіби деңгейін арттырып, Қазақстанның кардиологиялық қызметін халықаралық стандарттарға жақындатуға септігін тигізеді.
– Осындай озық медициналық технологияларды қолдану арқылы біз ауыр жүрек аурулары бар науқастарға сапалы әрі қауіпсіз ем жүргізу мүмкіндігін кеңейтеміз, – деді Оразбек Сахов.
Алматыда өткен бұл шара интервенциялық кардиологияның дамуына жаңа серпін беріп, елдегі жоғары технологиялық емдеу әдістерін жетілдіруге тағы бір қадам жасады.
Алматыда Наурыз мерекесі қарсаңында ерекше оқиға болды: Almaty Arena-да 11 мыңнан астам жас домбырашы қатысқан ірі флешмоб өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







