Қазақстан мен Малайзия инвестициялық серіктестікті қарқынды дамытып жатыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Былтыр ел экономикасына осы мемлекеттен шамамен 50 миллион доллар тікелей инвестиция құйылған. Қазір қос ел өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, көлік және металлургия бағытында ірі жобаларды қолға алуда. Соның ішінде электромобиль шығаратын жаңа зауыт құрылысы ерекше аталып отыр. Кәсіпорын қазақстандық брендпен жұмыс істемек.
Kazakh Invest өкілдерінің пікірінше, осы жоба отандық автоөндірісті жаңа деңгейге шығарып, Қазақстанның өз маркасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жалпы Астана мен Куала-Лумпур қазір құны 630 миллион доллардан асатын 17 инвестициялық жоба бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек, Малайзияға оқуға түсуге барғысы келетін қазақ жастарының шоғыры көбейіп келеді.
Kazakh Invest компаниясының Оңтүстік-Шығыс Азия елдері бойынша өкілі Диана Әбләкімованың айтуынша, былтыр қаңтар-қазан аралығында екі елдің сауда айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 15 пайызға өсіп, 166 миллион долларға жеткен.
«Алматы мен Куала-Лумпур арасындағы тікелей рейстердің ашылуы және Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагимнің Қазақстанға жасаған ресми сапары бизнес серіктестігіне жаңа серпін беріп отыр. Малай кәсіпкерлердің Қазақстан нарығына деген қызығушылығы артып келеді», – дейді сарапшы.
Бұған дейін еліміздің Малайзиядағы елшісі Болат Сүгірбаевтың Қазақстанда малай мектептері мен университеттерін ашу мәселесі қаралып жатқанын хабарлаған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

