Депутат Бақытжан Базарбек Алматы маңындағы жерлер сот шешімімен мемлекетке қайтарылғанымен, әлі де іс жүзінде қайтпай жатқанын айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, қоғамда үлкен шу туғызған жер телімдерінің бірі генерал Павел Новиковқа тиесілі. Ол бұл мәселенің түп-төркініне тоқталып, жердің қайтарылу процесі туралы пікірін білдірді.
«Көпшілік бізге: «Генерал Новиков сияқты ықпалды адамдардың жерін қайтара алмайсыңдар» деп сенімсіздік білдірген еді. Жақында Алматының экономикалық соты прокуратураның шағымы бойынша Қарасай ауданы әкімдігінің 2004 жылы шығарған қаулысының күшін жойды. Бұл құжат арқылы кезінде Іле-Алатаудың ең көрікті, сулы, орманды аумағынан жер телімдері заңсыз түрде жекеменшікке өтіп кеткен. Осыған қатысты прокуратураға менің депутаттық сауалым жолданған еді. Қазір сот шешімі күшіне енді, бірақ жер телімдері әлі қайтпай жатыр», – деді депутат.
Бақытжан Базарбек жерді мемлекетке қайтару жеткіліксіз екенін, қайтарылған жерді қорғау маңызды екенін ескертті.
«Генерал Новиков иемденген жер телімдері міндетті түрде Іле-Алатау ұлттық паркінің қарамағына өтуі керек. Әйтпесе, 3-7 жылдан кейін тағы да басқа олигархтардың қолына түсіп кетуі әбден мүмкін», – дейді депутат.
Новиков деген кім өзі?
Павел Новиков 90-жылдары Қазақстанда танымал болған генералдардың бірі. Ол кезінде Орта Азия әскери округінің спорт клубын, кейіннен Қазақстан армиясының орталық спорт клубын және Қорғаныс министрлігінің спорт комитетін басқарды. Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті болып қызмет етті. Сондай-ақ көп жылдар бойы Алматы қаласы әкімінің спорт мәселелері бойынша кеңесшісі болды.
Бұған дейін БАҚ беттерінде Новиковқа Алматы маңындағы тау-орман аумағынан жүздеген гектар жер телімдері арзан бағаға берілгені хабарланған еді. Бұл іске ел билігінде болған жоғары лауазымды тұлғалардың қатысы болуы мүмкін деген болжамдар айтылып жүр.

