2026 жылы Алматы облысындағы агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл қаржы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде қарастырылған. Жалпы көлемі 4 миллиард теңге. Оның 2,5 миллиард теңгесі өңірдегі ірі кәсіпорын «АзияАгроФуд» акционерлік қоғамына жүгеріні терең өңдеу жобасын жүзеге асыру үшін берілді.
Кәсіпорын бұл қаражатқа заманауи өндірістік жабдықтар сатып алмақ. Биыл іске қосылатын бұл жоба облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға, қосымша құны жоғары дайын өнім шығаруға және жаңа жұмыс орындарын құруға жол ашады.
Сонымен бірге, өңірдегі егіншілік саласындағы маңызды мәселенің бірі су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында нақты қадам жасалды. «Alfalfa» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 1,5 миллиард теңге бөлініп, бұл қаражат су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсалмақ. Жобаның негізгі мақсаты егін шаруашылығындағы өнімділікті арттырып, өңірдегі су тапшылығы мәселесін шешу. Бұл жоба да 2026 жылы толық жүзеге асырылатын болады.
Алматы облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркінбек Дауткуловтың айтуынша, аталған жобалар облыстың аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтереді.
– Біз ауыл шаруашылығын өңір экономикасының негізгі тірегі ретінде қараймыз. Сондықтан өндірісті жаңғыртуға, қайта өңдеуге және су үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше мән беріп отырмыз. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы нақты жобаларды іске асыру арқылы облыстың агроөнеркәсіптік кешенінің қарқынды дамуына мүмкіндік береді, – дейді Еркінбек Дауткулов.
Сарапшылардың пікірінше, осындай кешенді қолдау шаралары Алматы облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттырып қана қоймай, саланың тұрақты дамуына да үлкен ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл бастамалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға да оң әсер етеді.
Алматы облысына қарасты Шеңгелді ауылында 1200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасының құрылысы басталады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

