Алматы облысы Қытай Халық Республикасымен стратегиялық әріптестікті нығайтып келеді. 2025 жылғы 21–26 мамыр аралығында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің басшылығымен өңір делегациясы Пекин, Шанхай, Ханчжоу және Цзинань қалаларында болды. Сапар бағдарламасына халықаралық көрмеге қатысу, бизнес-форум өткізу, мәдени шаралар ұйымдастыру және Қытайдың мемлекеттік органдары мен іскер топтарының өкілдерімен екіжақты кездесулер кіреді, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Пекинде өткен халықаралық көрмеде Алматы облысының 12 компаниясы 150-ден астам өнім түрін – азық-түліктен бастап биологиялық белсенді қоспалар мен сусындарға дейін – ұсынды. Қазақстандық өнімдер жоғары сапасы мен табиғи құрамының арқасында қытайлық дистрибьюторлардың қызығушылығын тудырды. Бұл көрме өңір брендтерін Қытай нарығына шығару мен тікелей экспорттық байланыстар орнатудың тиімді алаңына айналды.
Пекинде Қазақстанның Халық әртісі, көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған халықаралық мәдени кеш өтті. Шарада «Сазген», «Құлансаз» халық музыка ансамбльдері, Алматы облысының танымал орындаушылары мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Композитордың шығармашылығы әлем сахнасында қазақстандық мәдениеттің бай мұрасы ретінде таныстырылды.
Сапар аясында инвестициялық және өндірістік ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Облыс әкімі қытайлық бизнес пен мемлекеттік құрылымдар өкілдерімен бірқатар келіссөздер жүргізді. Атап айтқанда, Пекин қалалық ХҚКК төрағасының орынбасары Ван Хонгпен кездесіп, ауыл шаруашылығы, логистика, жасыл энергетика және жоғары технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды. «Бір белдеу — бір жол» бастамасы аясында Алматы облысының транзиттік және өндірістік торап ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды.
2025 жылғы 22 мамырда облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Шанхай қаласының мэрі Гун Чжэнмен ресми кездесу өткізді. Келіссөздер барысында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толуына орай екіжақты ынтымақтастықты тереңдету мәселелері талқыланды. Әкім Алматы облысының қазақ-қытай серіктестігін дамытудағы стратегиялық рөлін атап өтіп, Шанхаймен тұрақты даму мен цифрлық трансформация үлгісі ретінде ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізді.
Маңызды кездесулердің бірі – логистикалық алпауыт YTO Express компаниясының басшылығымен өткен келіссөздер болды. Кездесу барысында облыс аумағы арқылы өтетін көлік бағыттарын дамыту мәселелері қаралды. Сонымен қатар делегация күн энергетикасы саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі – Astronergy компаниясының өндірістік қуаттарымен танысып, Қазақстанда өндірісті локализациялау және жаңартылатын энергия көздері бойынша бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін талқылады.
Келіссөздер нәтижесінде Zhuhai Shixi Technology, Wanjia Hotel Group, AT Partner, Jinxiang Investment Group және басқа да қытайлық компаниялармен меморандумдарға қол қойылды.
Келісілген жобалар қатарында — Көлсай көлінде аспалы жол салу, сондай-ақ туризм, тамақ өнеркәсібі, жаңартылатын энергия көздері мен ақпараттық технологиялар салаларындағы бірлескен бастамалар бар.
2025 жылғы 23 мамырда Цзинань қаласында өткен ірі бизнес-форумға 300-ден астам қатысушы мен 124 компания жиналды. Форумда экспорт-импорт қатынастары, технологияларды дамыту, құрылыс материалдарын өндіру, көлік инфрақұрылымы және энергетика мәселелері талқыланды. Іс-шараға жылдық айналымы 1 миллиард юаньнан асатын оннан астам корпорация қатысты. Форум Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланысты кеңейтуге маңызды алаң болды.
Сапардың қорытындысында делегация Шаньдун провинциясының губернаторы Чжоу Найсянмен кездесті. Кездесуде екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қозғалды. Қазіргі таңда Алматы облысында қытайлық капиталдың қатысуымен 143 кәсіпорын жұмыс істейді. Қытаймен тауар айналымы 2023 жылы 1,082 млрд долларды, 2024 жылы 1,023 млрд долларды құрады. Шаньдун провинциясы сауда, инвестиция және мәдениет салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруда өңірдің басты серіктестерінің бірі ретінде қарастырылады.
Сапар қорытындысы бойынша Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытаймен өзара іс-қимыл жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті:
«Алматы облысы жасыл энергетика мен туризмнен бастап логистика және агроөнеркәсіп кешеніне дейінгі барлық негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге дайын. Қол қойылған келісімдер мен жасалған уағдаластықтар қытайлық әріптестер тарапынан жоғары сенім деңгейін көрсетеді. Біз бірлескен жұмысқа ашықпыз және нақты нәтижеге бағытталғанбыз».