Алматы облысында Республика күні жыл сайын кең ауқымда аталып өтеді. Өңірдің барлық аудан-қалаларында Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі ұйымдастырылып, тәуелсіздік пен бірліктің рәмізі астында мыңдаған тұрғын бірікті, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басты мерекелік шара облыс орталығы Қонаев қаласында өтті. Құрмет қарауылының сап түзеуімен ҚР Мемлекеттік Гимні әуеледі. Оны Қазақстанның халық әртісі Талғат Күзембаев тебірене орындап, алаңды ерекше патриоттық рухқа бөледі. Осы сәтте көк аспанда Мемлекеттік Штандарт желбіреді.
Салтанатты жиында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, Республика күнінің тарихи және рухани маңызына тоқталды.

– 1990 жылдың 25 қазанында Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданып, Қазақстанның тәуелсіздікке бастар жолы басталды. Бұл күн – барша қазақстандықты біріктіретін, ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік тұтастықтың символы. Еліміз өркендей берсін, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Соңғы үш жылда Алматы облысының жалпы өңірлік өнімі екі есеге жуық өсіп, 3,4 триллионнан 6 триллион теңгеге жетті.
Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 10 пайыздан асты. Өңірге 9,6 триллион теңге инвестиция тартылып, 720 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Қазір облыста 1 700-ге жуық өнеркәсіп кәсіпорны мен 156 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Соның нәтижесінде Алматы облысы республика бойынша 10-орыннан 5-орынға көтерілді. Бұл – өңір халқының еңбегі мен бірлігінің айқын көрінісі, – деді әкім.
Мерекелік жиын салтанатты марапаттау рәсімімен жалғасты. Ел дамуына және өңірдің өркендеуіне айрықша үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік және қоғамдық наградалар табыс етілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қоғам қайраткерлері, мәдениет пен кәсіпкерлік саласының өкілдері жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды.
Сонымен қатар облыстың дәрігерлері, ұстаздары, мәдениет және әлеуметтік сала қызметкерлері «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен және «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Ел бірлігін нығайтуға қосқан еңбектері үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы марапаттары да табыс етілді.

Кештің ең әсерлі сәті – Алматы облысында алғаш рет ұйымдастырылған дрон-шоу болды.
Жүздеген дрон түнгі аспанда қалықтап, Қазақстанның тәуелсіздігі мен бірлігін бейнелейтін жарық көріністер жасады.
Дрон-шоудың алдында көрермендерге танымал эстрада жұлдыздарының концерті ұсынылды.
Кештің хедлайнерлері Esko, Ray және Нұрсұлтан Нұрбердиев.
Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарын отбасымен келіп, ел тәуелсіздігіне арналған бұл ерекше жарық шоуды тамашалауға шақырды.
Қонаев аспанын нұрға бөлеген дрон-шоу Республика күні мерекесінің жарқын нүктесіне айналды.

