Үш жыл бұрын дәл осы күні бұрынғы Қапшағай қаласы Алматы облысының орталығы болып, оған Қонаев есімі берілген болатын.
Осы аз уақытта облыс қана емес, Қонаев қаласының өзі қарқынды дамудың символына айналып үлгерді, деп жазады Ertenmedia.
Қаланың облыс орталығы мәртебесін алуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық тынысына тың серпін берді. Нәтижесінде облыстағы жалпы өңірлік өнім үш жылда 109,6%-ға артып, 5,9 трлн теңгеге жетті. Әсіресе, өңірдің шикізаттық емес секторы бойынша республикадағы алғашқы бес өңірдің қатарына қосылуы – ерекше атап өтуге тұрарлық жетістік.
Үш жылдың ішінде Алматы облысына тартылған инвестиция көлемі 2,3 трлн теңгеден асты. Бұл қаржы өңірде жаңа өндірістердің, инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуына, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталды.
Нәтижесінде PepsiCo, LC Waikiki, KT&G, Qazaq Global Food секілді әлемдік брендтер аймақта өз кәсіпорындарын ашып, жергілікті тұрғындар үшін мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ұсынды. Бұған қоса, Қытаймен арадағы жалпы құны 7 млрд АҚШ долларына жуық келісімдердің арқасында тағы да 6 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.
Аймақтың инфрақұрылымы да түбегейлі жаңарды. Осы үш жылда облыс аумағында мың шақырымнан астам жол жаңадан салынып, күрделі жөндеуден өтті. Газбен қамту деңгейі 58,1%-ға жетті. Аймақтағы ауылдардың 99,5%-ы орталықтандырылған таза ауызсу жүйесіне қосылып, тұрмыс сапасы едәуір артты. Бұған қоса, халыққа 2 млн шаршы метрге жуық баспана берілді. Әсіресе облыс орталығы Қонаев қаласы заманауи сәулетпен салынып жатқан жаңа ықшам аудандарымен көз тартуда.
Өңірдегі экономикалық серпін адам капиталының дамуына да тікелей әсер етті. Үш жыл ішінде 140 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға дейін төмендеді. «Цифрлық отбасы картасы» жобасы және білім беру саласында инновациялық платформалардың енгізілуі – өңірді цифрландырудағы нақты жетістіктердің көрінісі.
Аймақтың басты көркіне айналған Қонаев қаласы қазір «Smart Qonaev» жобасы аясында ерекше қарқынмен дамып келеді. Қаржыландыру көлемі төрт есеге артып, қала көшелері мен қоғамдық кеңістіктер жаңаруда. Туристік инфрақұрылым да сапалы дамып, 2025 жылы Қонаев қаласына келетін туристер саны 1,6 млн адамға дейін жетеді деп күтілуде.
Сонымен қатар, Қонаев қаласының іргесінде «Алатау» атты жаңа қаланың құрылысы басталды. Еркін экономикалық аймақ мәртебесін алған бұл қаланың инфрақұрылымына 2025 жылы 100,7 млрд теңге жұмсалмақ.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жоба бүкіл Алматы облысының экономикалық келбетін өзгертіп, мыңдаған жұмыс орындарын ашуға, өңір экономикасын әртараптандыруға үлкен мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, үш жылдағы даму динамикасы Алматы облысы мен Қонаев қаласының өзіне деген сенімін арттырды. Жаңа әкімшілік орталық өңірдің экономикасын алға сүйреп, халықтың өмір сапасын арттыруда шешуші рөл атқаруда. Қонаев қаласы ендігі жерде жай ғана әкімшілік орталық емес, тұрақты дамудың, жаңашылдық пен заманауи өмірдің символына айналып отыр. Алдағы уақытта бұл үрдіс одан әрі жалғаса берері сөзсіз.