Әлемдік азық-түлік нарығындағы алып компаниялардың бірі француздық Danone елімізде өндіріс көлемін еселеп арттыруды жоспарлап отыр деп жазады Ertenmedia.
Компанияның Алматы облысындағы сүт өнімдері зауытына бағытталатын инвестиция көлемі 6 млн еуро (шамамен 6,9 млн доллар). Бұл қаржы 2024-2025 жылдары игеріліп, нәтижесінде зауыттың өндірістік қуаты екі еседен астам артады деп күтілуде.
Қазіргі таңда Danone-ның Алматы облысындағы кәсіпорны жылына 18 мың тоннадан астам өнім өндіреді. Оның үштен бір бөлігі Кавказ елдері, Орталық Азия және Моңғолияға экспортқа жіберіледі.
Жаңа инвестиция есебінен өндіріс қуаты 40 мың тоннаға дейін ұлғайтылмақ.
Кәсіпорында Activia, Danoninio және Danissimo брендтерімен танымал өнімдер шығарылады. Danone осы инвестиция арқылы Қазақстан нарығындағы үлесін арттырып, экспорттық әлеуетін кеңейтуді көздейді.
Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған инвестициялық жобаны Қазақстан мен Франция ресми тұлғаларының кездесуі кезінде мақұлдағанын хабарлады. Министрлік мәліметінше, Danone өнімдерінің экспорты екі есе артып, енді Таяу Шығыс пен Қытай нарығына да жеткізіле бастайды.
Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті.
«Осы инвестиция арқылы Қазақстан Азия мен Таяу Шығыс елдеріне сапалы сүт өнімдерін жеткізетін сенімді серіктеске айнала түседі», – деді министр.
Қазақстандағы Danone кәсіпорны ТМД, Таяу Шығыс, Африка және Азия-Тынық мұхиты аймағын қамтитын халықаралық бизнес бөлімшесіне кіреді.
Аталған бөлімше 2024 жылы компанияның жалпы сатылымының 16%-ын құрап, 4,5 млрд еуро кіріс әкелген.
Айта кетейік, өткен жылы Danone Ресейдегі өсімдік және сүт өнімдерін шығаратын бөлімшесін жергілікті Vamin Tatarstan компаниясына сатқан болатын.
Ал жуырда ғана тағы бір азық-түлік алыбы PepsiCo Қазақстанда салынып жатқан снектер зауытының қуатын бастапқы жоспардан үш есе арттырып, жылына 70 мың тонна өнім өндіретінін мәлімдеген еді.
Осылайша Қазақстанға бағытталған халықаралық инвестиция көлемінің артуы ел экономикасына жаңа серпін бермек.