Алматы облысында 17 917 түлек үшін соңғы қоңырау сыңғырламақ. Олардың ішінде 1 433-і – үздік оқудың символы саналатын «Алтын белгіге» үміткер. Тағы 1 513 оқушы «Үздік аттестат» алуға ниетті.
Мектеппен қоштасар шақта түлектер 11 жыл бойғы еңбегінің нәтижесін көрсетпек. Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуге 14 123 оқушы қатысады.
Білім басқармасының мәліметінше, 2024-2025 оқу жылы жемісті аяқталуда. Оқушылар 17 халықаралық және 150-ге жуық республикалық олимпиадада жүлде алған. Республикалық деңгейде 25 оқушы – 1 орын, 30-ы – 2 орын, 75-і – 3 орынға ие болған.
Жазда облыс бойынша 30 лагерь жұмыс істеп, оқушылардың 92 пайызы демалыспен және сауықтыру шараларымен қамтылады.
Әлеуметтік осал санаттағы 2017 бала үшін бюджеттен 282,3 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қорынан 165,6 млн теңгеге 1400 жолдама қарастырылған. Балалар «Тау-Жанашар», «Альтаир» және облыстық лагерьлерде демалып, қуат жинамақ.