Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылында орналасқан Úshqońyr спорт кешенінде «Алатау лига-2025» жобасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға Қонаев, Алатау қалаларынан және облыстың тоғыз ауданынан келген 11 команда өкілдері қатысты,– деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Жобаның ұйымдастырушылары – облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Алматы облыстық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығы. Облыс әкімінің орынбасары Болат Күренбеков өз сөзінде «Алатау лигасы» екінші жыл қатарынан өткізіліп жатқанын және осы уақыт аралығында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті: 140-тан астам клуб ашылып, 13,5 мыңнан астам тұрғын тұрақты түрде спортпен шұғылдануға мүмкіндік алды. Халықтың дене шынықтырумен айналысу деңгейі 39%-дан 41,4%-ға дейін өскен.
Салтанатты шараны жас спортшылар – каратэ мен футбол секциясының тәрбиеленушілері көрсетілім өнерлерімен әрледі. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек жаңа бастама 10 мыңнан астам адамды қамтығанын, олардың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұратынын айтты.
Жобаның басты құндылығы – ірі ареналар мен заманауи спорт кешендерінен шалғайда орналасқан жастарға өз қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік беру. Сонымен қатар, бұл жоба «жаппайлықтан – шеберлікке» қағидаты негізінде құрылып отыр. Себебі «Алатау лига» жобасының аудандық және облыстық деңгейдегі жарыстарына негізінен 16-23 жас аралығындағы спортшылар қатысуда. Бұл – болашақта кәсіби футбол, баскетбол, волейбол және үстел теннисі клубтарына қосыла алатын жастар.
«Жалпы, облысымызда спортқа қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде, – деді ол. – Мысалы, өткен жылы Еңбекшіқазақ және Райымбек аудандарында жаңа спорт кешендері ашылды. Бүгінгі таңда облыс аумағында 1880-нен астам спорт нысаны жұмыс істейді».
Айта кету керек, жоба аясында әрбір ауылдық округте футбол, волейбол және баскетбол бойынша әуесқой клубтар құрылды. Барлығы – 140-тан астам клуб. Биыл жарыс бағдарламасына үстел теннисі де енгізілді.
«Алатау лига-2025» спорттық жобасының алғашқы кезеңі 15 сәуірде облыстың барлық аудандарындағы ауылдық округтерде басталды. Бұл кезең 15 мамырға дейін жалғасады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 20 тамыз бен 20 қыркүйек аралығында өтетін екінші кезеңге жолдама алады. Ал үшінші, финалдық кезең 10-25 қазан аралығында өтеді. Төрт спорт түрі бойынша үздік шыққан командалар кубоктармен, медальдармен, құрмет грамоталарымен және қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Жалпы жүлде қоры – 16 миллион теңге.