Алматы облысында Forbes тізіміндегі кәсіпкерлерге тиесілі құс фабрикасында өрт шығып, бір адам қаза тапты. Оқиға Іле ауданына қарасты Түймебай ауылындағы «Алель Агро» кәсіпорнында болған, деп хабарлайды Ertenmedia.
Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, фабрика аумағындағы асхана ғимаратынан өрт шыққан. Жалын 450 шаршы метр аумақты шарпыған. Оқиға орнына облыстық және Алматы қаласының құтқарушылары, әскери бөлім қызметкерлері, полиция мен медициналық қызмет өкілдері жұмылдырылды. Жалпы саны 42 құтқарушы мен 14 техника жұмылдырылған.
Өртті сөндіру кезінде газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары бір адамның мәйітін тапты. Қаза болған азаматтың кім екені әзірге хабарланбады.
Қазір өрттің нақты себебін анықтау үшін тергеу басталды. Төтенше жағдайлар департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 2-бөлігі («Абайсызда адам өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу») бойынша іс қозғады.
«Алель Агро» акционерлік қоғамы Қазақстандағы ірі агроөнеркәсіптік компанияның бірі саналады. Forbes дерегінше, фабриканың акционерлері қатарында Ғалымжан Есенов (≈44%), Марғұлан Сейсембаев (≈21%) және Сәуле Сейсембаева (≈13%) бар.

