Алматы облысында газдандырудың ауқымды бағдарламасы жалғасып жатыр. Соңғы маңызды оқиғалардың бірі – Жамбыл ауданы Қазыбек бек ауылында газ тарату желілерінің іске қосылуы,– деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Бұл жай ғана инфрақұрылымдық жоба емес, бұл мыңдаған адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту.
Құрылыстың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев келді. Оның айтуынша, тұрақты газбен жабдықтау — бұл тек жайлылық қана емес, ауыл экономикасының жарқын болашағы.
«Газдың пайда болуы шағын бизнесті дамытуға, өндіріс ашуға, инвестиция тартуға мүмкіндік туғызады. Бұл тұрақты өсу мен жұмыспен қамтуға бағытталған қадам. Газ Қазыбек бек ауылынан бөлек, тағы да бес ауылды қамтиды», — деп атап өтті Масабаев.
Газ құбырларын жүргізу жұмыстары 2023 жылдың желтоқсанында басталып, 2024 жылдың соңында аяқталды. Негізінен кесте бойынша құрылысқа 26 ай берілген болатын. Жұмыс жоспарланған уақыттан да ерте аяқталды. Жобаның жалпы құны – 4,2 млрд теңгені құрады.
Жергілікті тұрғындар жобаның жүзеге асатынына ұзақ уақыт сенбегендерін жасырмады. Себебі, ауылда бұл құбырлар 2011 жылдан бері жатқан екен, ал оны іске қосу үнемі кейінге қалдырылып келіпті.
«Енді біздің үйіміз жылы әрі таза болады. Енді көмір жағып, отын жарып, пеш тазалап жүрмейміз. Бұрынғыдан қарағанда қолайлы жағдай жасалды», — деп қуанышымен бөлісті көпбалалы ана Алия Турсынова.
Қазыбек бектің тарихы – өңірді газдандырудың ауқымды бағдарламасындағы бір ғана эпизод. Қазіргі уақытта, өңірлік сызба аясында 157 елді мекен көгілдір отынға қосылып, 1,2 млн адамды қамтыды. Бұл облыстың жалпы халқының 77%-ын құрайды.
2024 жылы 17 ауыл газбен қамтылды. Ал 2025 жылдың соңына дейін газдандыру деңгейін 59,5%-ға (169 елді мекен) дейін жеткізу жоспарланып отыр. 2025 жылы жаңа жобаларды іске асыруға 6,7 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылды. Тағы 1,4 млрд теңгесі жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға бағытталды.
Жұмыстар Қонаев, Балқаш, Жамбыл және Іле аудандарында жүргізіліп жатыр. Билік жобаның нақты қажеттіліктер мен тұрақты даму қағидаттарын ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап айтты.
Өңірді газдандыру 2030 жылға дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл тұрмыстық жағдайларды жақсартуға ғана емес, сонымен қатар экологияға жүктемені азайтуға, экономикалық өсуге және ауылдық жерлерге инвестициялар тартуға жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Қолжетімді көгілдір отын – болашаққа сенімді қадам.