Алматы облысында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген нәзік жандыларға құрмет көрсетілді,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Салтанатты жиында өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев ел дамуына үлес қосып жүрген әйелдердің қоғамдағы маңызын атап өтті.
“Бұл күн – сіздердің мейірімдеріңіз бен ақыл-парасаттарыңызға, қажырлы еңбектеріңіз бен қайсарлықтарыңызға деген ерекше құрметтің белгісі. Сіздер – отбасының тірегі ғана емес, елдің өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген белсенді мамандарсыздар. Бүгінде облыста басқару саласында еңбек ететін әйелдердің үлесі – 27 пайыз, ал мемлекеттік қызметтегі нәзік жандылар – 58 пайызды құрайды. Сонымен қатар, 52 мыңнан астам көпбалалы аналарымыздың 18 мыңы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері. Аналарымыз бен әжелеріміз жас ұрпаққа ізгілік пен адамгершіліктің үлгісін көрсетіп, еңбекқорлық пен білімге құштарлыққа тәрбиелеуде”, – деді облыс әкімі.
Мерекелік жиында әртүрлі салада үздік жетістікке жеткен әйелдер «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Шапағат» медалімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің құттықтау хатымен, Алматы облысының Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.
Қарапайым еңбек – үлкен құрмет Марапатталғандардың қатарында энергетика, әлеуметтік қызмет, денсаулық сақтау, білім беру, өндіріс, спорт және төтенше жағдайлар саласында еңбек етіп жүрген жандар бар. Олардың арасында кітапхана директоры, өрт сөндіруші, киім фабрикасының технологы, наубайшы, электромонтер, мұғалім және жаттықтырушы секілді түрлі мамандық иелері бар.
Бұл қарапайым еңбектің елеусіз қалмайтынын және олардың еңбегі лайықты бағаланатынын білдіреді. Алматы облысында жұмысшы мамандықтарын дәріптеу, еңбек адамының мәртебесін көтеру бағытындағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.