4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Алматы облысында «Тұғырлы Туым» атты ауқымды патриоттық акция өтті. Бұл күні өңірдің барлық аудан-қалаларында бір мезетте Мемлекеттік Ту көкке көтеріліп, елдік пен бірліктің белгісі ретінде ұлықталды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Мерекелік шараның басты бөлімі Іле ауданының Өтеген батыр кенті мен Қонаев қаласының 5-жағажайында ұйымдастырылды. Таңғы сағат 9:00-де Өтеген батыр ауылында Мемлекеттік Ту тұғыры маңына жиналған көпшілік Әнұранды бірге шырқап, көк байрақтың көкке көтерілу сәтіне куә болды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жиналған жұртшылықты құттықтап, Мемлекеттік рәміздердің ел болашағын тәрбиелеудегі маңызын атап өтті:
«Ту көтеру – тек салтанатты рәсім ғана емес, бұл – ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің, ұлттық рухты жаңғыртудың нақты көрінісі. Мемлекеттік рәміздер – әр азаматтың жүрегіндегі отансүйгіштік сезімін оятатын киелі нышан», – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мемлекеттік рәміздеріміз – күллі халқымызға қастерлі нышандар» деген сөзіне тоқталып, тәуелсіздіктің құндылығына ерекше мән берді.
Шара аясында концерттік бағдарлама ұсынылып, патриоттық әндер шырқалды.
Қонаев жағажайында — шеру мен су шоуы
Мерекенің екінші кезеңі Қонаев қаласындағы 5-жағажайда жалғасты. Қала көшелерімен өткен «Тұлпар» ретро көліктер шеруі мерекеге көрік беріп, жағажай алаңына тізіліп қойылды. Қала әкімінің құттықтауынан соң, концерттік бағдарлама ұсынылды.
Көпшіліктің ерекше ықыласына бөленген сәт — кәсіби флайбордшы Олеся Колесниченконың су үстіндегі көрінісі болды. Ол катерлер мен желкенді қайықтардың арасында әуеге көтеріліп, акробатикалық өнер көрсетті.
Рәміз – ұлттың рухы
«Тұғырлы Туым» акциясы — халықтың патриоттық рухын көтеріп, мемлекеттік нышандарға деген құрметті арттыруға бағытталған тағылымды бастама. Бұл күн — жас ұрпаққа елдік пен бірлік туралы ой салып, ел рәміздерінің қадірін терең ұғынуға мүмкіндік берді.
“Бір мезетте көкке көтерілген Ту – еліміздің тұтастығы мен халқымыздың жүрегіндегі ортақ мақтаныштың белгісі”, – дейді ұйымдастырушылар.