Алматы облысында «Ауыл құтқарушылары» республикалық бағдарламасы аясында алыс ауылдарға өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымын жақындату ісі жүйелі қолға алынды. Бұл бастама қағаз жүзіндегі жоспар емес, нақты құрылыс пен техникаға, жергілікті жұртпен бірлесе істеліп жатқан күнделікті жұмысқа айналып отыр. Өңірдегі жұмыстарға Алматы облысы ТЖД бастығы, подполковник Д.Д. Оразбеков тікелей бақылау жасап, аудандық әкімдіктермен, белсенді азаматтармен және еріктілермен бір үстелдің басында отырып үйлестіру жүргізуде.
Соңғы жылдары облыстың тау бөктері мен жайлауларында, далалық белдеуде, сонымен бірге ауыл ішіндегі жеке секторда өрт тәуекелі артқаны жасырын емес. Жаздың аптабында дала және қоқыс өрті, күз бен көктемде – қураған шөп пен бақшалық учаскелер, қыста пеш пен мұржаның ақауынан тұтанатын өрттер. Мұндайда санаулы минуттың өзі шешуші рөл атқарады: өрт сөндіру автокөлігі 20-30 шақырымға оралып жүріп жетсе, жалынның алаңы бірнеше есеге ұлғайып үлгереді. Дәл осы түйінді шешу үшін облыстың әр қиырында шағын өрт-посттар салынып жатыр. Комитет төрағасы Ерлан Төрегелдіұлы жұмыс сапарымен келіп, құрылыс пен жарақтандыру барысын тексеруі де жобаның салмақты екенін айғақтайды.
Қазір 10 өрт бекетінің құрылысы Жамбыл ауданында – Матыбұлақ, Ақтерек, Қазыбек бек, Кеген ауданында – Саты, Ұзынбұлақ, Қарасай ауданында – Береке, Балқаш ауданында – Ақкөл, Ұйғыр ауданында – Шырын, Еңбекшіқазақ ауданында – Балтабай, Қонаев қаласы аумағында – Шеңгелді ауылдарында салынып жатыр.
Бұл нүктелердің әрқайсысы айналасындағы бірнеше ауылға тірек болады. Модульдік ғимарат, су қоры бар цистерна, мотопомпа, автономды қуат пен байланыс, жол талғамайтын жеңіл техника болады. ТЖД мәліметінше, жаңа посттар 20 шақырымнан әрі жатқан, бұрын жақын маңда өрт бөлімі болмаған 54 елді мекеннің қауіпсіздігін едәуір күшейтеді. Мыңдаған тұрғын үшін бұл – жедел көмек қол созым жерде деген сөз.
Мәселен, Саты ауылы туристік ағым көп түсетін ауыл. Мұнда демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлек міндет. Балтабай мен Береке ауылында халық тығыз қоныстанған, жеке тұрғын үй қоры басым елді мекендерде пеш, электр желісі, тұрмыстық газды пайдалану қатаң тәртіп пен жүйелі түсіндіруді талап етеді.
Қауіпсіздік – тек құтқарушылардың емес, әрбір азаматтың мәдениеті мен әдетіне айналуы керек. Облыстың ТЖД қызметі бұған да басымдық беріп отыр. Фермерлерге шабындықты палсыз тазарту ережесі, мектептерге «Қауіпсіздік апталығы», ауыл ақсақалдары мен имамдармен жұмадағы уағыз бен жиындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Өйткені үлкен өрт көбіне кішкентай салғырттықтан басталатыны белгілі.