Алматы облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тәртіп сақышылары жастарды психоактивті заттарды қолдануға тарту қаупін төмендету жолдары талқыланды. Мамандардың айтуынша, интернеттің ықпалы күшейіп, синтетикалық есірткіге қолжетімділік артқан сайын жасөспірімдерге бағытталған жасырын жарнама да көбейіп келеді. Әсіресе мессенджерлер арқылы таралатын ұсыныстар, жабық чаттар мен анонимді аккаунттар балаларды байқатпай тартып әкетуі мүмкін негізгі қауіп ретінде аталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында өңірде профилактикалық жұмыстар кең көлемде жүріп жатыр. Жыл басынан бері мектептер мен колледждерде 360-тан астам дәріс пен кездесу ұйымдастырылған. Оған психологтар, ішкі істер органдарының инспекторлары, жастармен жұмыс істейтін мамандар қатысқан.
Мамандар тек лекция оқып кетпей, оқушылармен ашық әңгіме форматында, тренинг түрінде жұмыс жүргізгендерін алға тартты. Әлеуметтік желілер мен «Киберқадағалау» жүйесі арқылы интернеттегі күмәнді сілтемелер, жасырын жарнамалар бақылауға алынған, анықталған заңсыз ақпарат тиісті органдарға жіберіліп отырады.
Интернет арқылы сатылатын синтетикалық есірткі заттардың жолын кесу жұмыстың бір бөлігі. Екінші маңызды бағыт жасөспірімдермен жеке профилактика жүргізу және қауіп тобындағы отбасыларға қолдау көрсету. Волонтерлер мен полиция қызметкерлері бірге қалалар мен аудандарды аралап, үйлердің қабырғаларына, подъездерге, аялдамаларға жазылған граффити-жарнамаларды өшірген.
Осындай 1000-нан астам жазу жойылып, 121 рет арнайы бояу акциясы өткізілген. Желілерде де жұмыс жүріп жатыр. Түрлі платформада 400-ден астам ақпараттық материал жарияланып, зиянды заттардың салдары мен жауапкершілігі туралы түсіндіру жасалған.
Профилактикаға тек полиция немесе бір ғана мекеме емес, бірнеше құрылым бірлесіп кіріскен. Білім басқармасы өз желісі арқылы мектептерде, денсаулық сақтау саласы дәрігерлер мен психологтар арқылы, жастар саясаты өкілдері ерікті топтар арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Әкімдіктер мен қоғамдық ұйымдар кездесу, акция, спорт және мәдени шаралар ұйымдастырып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасауға тырысып отыр. Себебі бос жүріп қалған жасөспірім күмәнді ортаға тез түседі, ал құрылымды, пайдалы орта оны одан алшақ ұстай алады.
Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта сандық профилактиканы күшейту маңызды. Яғни, балалар мен ата-аналарға арналған онлайн контент, қысқа роликтер, түсінікті тілде жазылған нұсқаулықтар көбейген жөн. Ата-ананың да ақпараттық сауаты артуы керек: бала қандай чаттарға кіреді, қандай қосымшаларды пайдаланады, кіммен араласады – осының бәріне назар аудару қажеттігі айтылды. Ведомство өкілдері жасөспірімді заңсыз әрекеттен қорғау үшін мемлекет, қоғам және отбасы бірігіп әрекет етпесе, бір тараптың күші жеткіліксіз болатынын ашық айтты.

