Бүгінгі күні Алматы облысында жастар саясаты нақты жобалар мен күнделікті тірлікте жүзеге асып жатқан ауқымды жұмысқа айналған. Орталықтағы сәнді конференция мен жалынды сөздің заманы өтіп барады – қазір жұрт нақты нәтижеге, көзге көрінетін іске сенеді. Алматы облысының жастармен жұмысын зерделеп, өңірдің ел ішіндегі ең өзекті мәселелерге қалай жауап беріп отырғанына көзімізді жеткіздік.
Қазіргі таңда Алматы облысы тұрғындарының үштен бірі – жастар, оның ішінде ауыл жастары басым. Осыдан-ақ жергілікті биліктің бағыты мен саясатының қай бағытта ойысатынын бағамдауға болады. Жергілікті билік орындары ауылдағы баланың қаладағы замандасымен тең жағдайда өсіп, білім алуы үшін бар жағдайды жасайтыны анық. Қазір Алматы облысының әр ауданында заманауи жастар орталықтары ашылуда. Қонаев, Кеген, Райымбек пен Балқашта жасалған коворкингтер, тегін кеңес алатын алаңдары, түрлі тренингтер мен стартаптарға арналған шеберханалар – жастардың ауылда жүрып арманына қол жеткізетін мүмкіндік.
Өңірдегі екінші үлкен жаңалық, NEET санатындағы жастардың азаюы. Ең күрделі, ең шетін әлеуметтік проблема. Себебі, жұмыссыз әрі оқымайтын жастың елге де, өзіне де пайдасы жоқ. Алматы облысында NEET санатындағы жастардың үлесі 6,2%-ға дейін төмендеген. Бұл – бірнеше жылда мыңдаған жастың қатарға қосылып, еңбекке араласқанының айқын көрсетікіші. Мұндай жетістік – тек есеп үшін емес, ауыл-аймақтың, елдің тыныштығы үшін керек нәтиже.
Аймақтың тағы бір жаңашыл қадамы бейресми еңбек етіп жүрген жастарды заңды жұмысқа тартып, әлеуметтік қорғау шараларын күшейгенін айрықша атап айтуға болады. Алматы облысында «Мүмкіндіктер керуені» жобасы аясында жергілікті билік орындарының өкілдері базардағы, құрылыс алаңындағы жастарды QR-код арқылы кеңеске шақырып, заңдастырып, ресми жұмысқа орналастырған. Бір қарасаң ұсақ шаруа секілді көрінуі мүмкін. Шын мәнінде әлеуметтік әділеттің жаңа форматы екенін байқайсың.
Баспана мәселесі – жастардың тағдырын шешетін үлкен мәселе. Бұл тарапта «Алатау жастары» аймақтық бағдарламасы аясында 100 жас отбасы өз баспанасына қол жеткізіп, ертеңгі күнге сеніммен қарауға мүмкіндік алды. Бәрі ашық, бәрі анық. Отбасы банкі арқылы жасалған жобаның тетігі қарапайым әрі түсінікті. 2025 жылдан бастап бұл бағдарлама кеңеймек.
Еңбек пен экологияны ұштастырған «Жасыл ел» жобасы да облыста жаңа тыныс алғандай… 3 мыңнан астам жас үш жыл ішінде табиғатты қорғауға, абаттандыруға белсене атсалысты. 2025 жылы тағы мың жасты еңбекпен қамту жоспарланып отыр. Бұл – жұмыссыздықтың алдын алумен қатар, жастардың табиғатқа, жерге деген сүйіспеншілігін оятатын тетік.
Жастардың бастамасы тек сөзбен емес, нақты қолдау мен қаржыға ие болып жатыр. «Тәуелсіздік ұрпақтары», «Zhas Project» аясында ондаған грант бөлінген. Алматы облысында өзін өзі дамытқысы келетін, қолөнерден бастап ІТ-ға дейінгі идеясы бар жасқа алаңсыз, тең мүмкіндік берілуде. Осының арқасында ауылда, қалада жаңа кәсіп иелері, жаңа буын кәсіпкерлері өсіп келеді.
Осы ретте өңірегі еріктілер қозғалысы – облыстағы үлкен әлеуметтік-мәдени феноменге айналғанын айта кетуіміз керек. Айдын мен Алмира секілді еріктілер ауыл балаларына ағылшын мен дизайннан тегін сабақ береді, жүздеген белсенді «Ардагерді ардақтайық», «Жан жылуы», «Таза өлке» секілді жобаларға қатысып, қоғамға шын мәніндегі жанашырлықтың не екенін көрсетті.
2025 жылдан бастап қолға алынған жаңа жобалар, әсіресе қауіпсіздік, тәрбие, экология бағыты тағы бір жаңашылдық әкелді. «Saqtan» жобасы аясында 250-ден астам есірткі жарнамасы жойылып, Талғар ауданы мектептерінде құқықтық тәрбиеге басымдық берілді. Мыңдаған экологиялық сенбілік пен құстарға арналған үйшіктер, қарттарға көмек – қоғамның нағыз жаңғыруын, халықтың бірлігін байқатады.
«Ізгі істер» бойынша облыс республикада алдыңғы қатарда. 10 жастар ресурстық орталығы мен 136 ауылдық нұсқаушы жастармен жұмыс жасаудың бірыңғай стандартын енгізіп, әр ауылдың, әр жастың әлеуетін ашуға күш салып жатыр. Бұл стандарт – құр хаттама үшін емес, өмірдің өзін өзгерту үшін керек қағида.
Қорыта айтқанда Алматы облысында жастардың өмірі нақты іс пен шынайы мүмкіндік арқылы өзгеріп жатыр. Мұнда жас буын өңірдің басты қозғаушы күші ретінде қарастырылуында. Оларға тек құр уәде емес, айқын жол мен әділ мүмкіндік ұсынылып келеді.
Жастармен жұмыстағы осындай әділетті модель, аймақтың болашағына да кепіл болады. Әр ауданның, әр ауылдың белсенді жастары, түрлі бастамашыл топтары, еріктілер мен кәсіпкерлері – бұл өңірдің басты капиталы. Тек әлеуетті дұрыс пайдалану керек. Алматы облысы бүгінгі күні еліміздегі жастар саясатының ең озық тәжірибесін көрсетіп отыр. Бұл – құр сөз емес, шынайы жаңару мен жаңғырудың үлгісі. Ашықтық, әділеттілік, тең мүмкіндік – бүгінгі жастар саясатының негізі. Ал ең маңыздысы – бұл жерде уәде беріліп, іспен дәлелденеді. Алаштың әр баласы туған жерінде өз арманына жететін заман осы болсын!